Аударыспақ: Қазақстандық бапкердің жөнсіз әрекеті алтыннан айырды
АСТАНА. KAZINFORM – Аударыспақтан 90 келі салмақта ел намысын қорғаған Есімхан Рахматіллә финалда Қырғызстан спортшысы Ислам Бердібекуулымен кездескені белгілі.

Бәсекенің негізгі бөлігі тең аяқталып, жеңімпазды анықтау үшін қосымша уақыт берілген болатын. Ережеге сәйкес, спортшылар бір-бірінің белбеуінен мықтап ұстап алды. Кімнің қолы белбеуден ажыраса сол жеңіліс табады.
Осылайша, бір-бірін алма-кезек тартқылаған спортшылар біраз уақыт тартысты. Бір сәтте Қазақстан құрамасының бапкері «қарсыластың қолы шығып кетті» деп айғай салмасы бар ма?!
Сөйтіп, бас төреші тоқтатпаған кездесуді бас бапкердің әрекеті тоқтатты. Екі тарап дауласып, ақыры бейнежазбаның көмегіне жүгінді.
Ұзаққа созылған анықтау процесі қазақ бапкерінің әрекеті негізсіз екенін дәлелдеді. Есімхан Рахматіллә жеңілмесе де, алтыннан айырылды.