Аудит: Бюджеттің 231 млрд теңгесіне қаржылық бұзушылықтар анықталды

Жыл басынан бері 1,4 трлн теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылды және 231 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев толыққанды айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

Бюджетное планирование
Фото: из открытых источников

«Биылғы 11 айда 12 трлн теңгеге 507 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералық бақылаумен қамтылды. Тексеру нәтижесінде 72 108 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері кемшіліктерді жою туралы хабарламалардың 93%-ін орындады», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Қаржы министрінің айтуынша, 2 055 аудиторлық іс-шара өткізілді және 1,4 трлн теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылды.

«Шамамен 231 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. 175 млрд теңгеге бұзушылықтар тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 2 081 ұсыным берілді», - деді спикер.

Бұған дейін спикер қай министрліктер мен облыстар бюджет қаражатын игере алмағанын айтқан еді.

Сондай-ақ, мемлекеттік бюджетке 18,2 трлн теңге түскенін, жыл басынан бері жергілікті бюджеттерге түскен кірістер жоспардан асыра орындалғанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар