Аудит: Мәжіліс депутаты құс етіне субсидия алып отырған кәсіпорындарды жақтап сөйледі

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте ауыл шаруашылығындағы субсидиялардың тиімділігіне жасалған аудиттің қорытындысы қаралып жатыр. 

Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы
Фото: Мәжіліс

Талқылау кезінде Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев құс етін өндіргені үшін мемлекеттен субсидия алып отырған кәсіпорындардың мүддесін қорғап сөйледі. 

— Комитет Аудиторлық палатаның кейбір қорытындыларымен келіспейді. Мысалы, шағын агроқұрылымдар мен жеке қосалқы қожалықтар ірі агроқұрылымдарға қарағанда егін өнімділігі мен мал шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіш көрсетіп отырғаны туралы тұжырымы дұрыс емес болып көрінеді. Біздің ойымызша, бұл жағдай ресми статистиканың бұрмаланып берілуімен, көрсеткіштерді қосып жазумен байланысты, — деді Серік Егізбаев.

Сондай-ақ депутат шағын қожалықтар мен ірі агроқұрылымдардың қаржылай қолдауға қол жеткізу мүмкіндіктері әркелкі екені туралы пайымдармен келіспейтінін айтты. 

— Субсидиялар шығындар үшін өтемақы ретінде төленеді. Ережелер барлық шаруашылықтар үшін олардың мөлшеріне қарамастан тең. Кім шығын шығарса, сол субсидия алады, — дейді комитет төрағасы.

Серік Егізбаев Жоғары аудиторлық палатаның құс етін өндірушілерге төлеп жатқан субсидияның нәтиже бермей жатқаны туралы қорытындысына да күмәнмен қарайтынын айтты.

— Біз ішкі нарықтағы өндірістің 50%-ын алатын осы саладағы шаруаның қызметін талдадық. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында бұл науқан соңғы бес жылда құс етін өндіру көлемін 29 мың тоннадан 160 мың тоннаға дейін ұлғайтқан. Бұл ретте бюджетке салынатын салықтар мен өндіріске салынған инвестициялардың жалпы сомасы алынған субсидиялар сомасынан төрт есеге жуық асып түсті. Бұл тиімсіз бе, — деді Мәжіліс депутаты.

Сөз аяғында Серік Егізбаев Жоғары аудиторлық палатаның тексеру жүргізген мамандарының тәжірибесіне күмән келтірді.

— Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палатаға тексерулерге экономиканың тиісті салаларында тәжірибесі бар сарапшыларды тартуды ұсынамыз, — деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы Серік Егізбаевпен субсидиялау шаруаларға қандай жаңа мүмкіндіктер беретіні жөнінде сұхбат жарияланған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар