Аудит – заманауи сот инфрақұрылымын дамытудың маңызды құралы – Наиль Ахметзакиров
АСТАНА. KAZINFORM – Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров Ақмола, Қостанай, Жетісу облыстары мен Әскери соттың құрылымдарына жүргізілген аудит қорытындыларын саралап, сот инфрақұрылымына жұмсалатын шығыстарды оңтайландыру мәселесіне арналған ББК-кеңесте бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Кеңес жұмысына Сот әкімшілігінің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Ахметзакиров Мемлекет басшысының үнемшіл экономиканы қатаң сақтау жөніндегі тапсырмасын еске салып, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, үнемделген қаржы инфрақұрылымды жаңғырту мен судьялардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталуы тиіс.
2024 жылы жалпы аумағы 46,4 мың шаршы метр болатын 8 сот ғимараты пайдалануға берілді. Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында жаңа нысандар салынды. Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық сот (СҚО), Түркістан және Абай облыстық соттары республикалық бюджет есебінен бой көтерді. Бородулиха аудандық сотының ғимараты жеке инвестор есебінен тұрғызылды.
Шымкент қаласында жергілікті атқарушы орган қаржысы есебінен ғимараттарды оңтайландыру жобасы іске асты. Нәтижесінде азаматтық соттар бірыңғай ғимаратқа шоғырланып, әкімшілік және қаржылық шығындар айтарлықтай қысқартылды.
2025 жылға жоспарланған 5 жоба – Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, тағы 11 сот ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Үнемделген қаражат есебінен 89 сот нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 1 мыңнан астам заманауи ұйымдастыру техникасы сатып алынып, соттардың компьютерлік паркін жаңарту жұмысы басталды.
Соттардың инженерлік-техникалық инфрақұрылымы жетілдіріліп, ақпараттық қауіпсіздік деңгейі арттырылды. Жасанды интеллект элементтері енгізілген АБЖ-ның жаңа буыны сынақтан өткізілу үстінде. Азаматтық істер бойынша «Алқалық ARD» жобасы пилоттық режимде іске қосылады.
«Төрелік 2.0» жүйесі, «Сот практикасы» талдау модулі және онлайн сот процестерін өткізуге арналған портал сынды бірқатар инновациялық ІТ-шешімдер енгізілу сатысында.
Наиль Ахметзакиров аудитті бюджет қаражатының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін негізгі құрал ретінде атап өтті. Ол Сот әкімшілігі департаменттерінің басшыларына қаржы тәртібін сақтап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына жол бермеу бағытында бақылауды күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, Жоғарғы сот «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы жеңіп алған тендерді заңсыз деп таныған болатын.
Сонымен қатар, Сенат Жоғарғы сот судьясын қызметінен босатқаны туралы хабарлағанбыз.