Аудитория суық: Қызылорда университетінің әкімшілігі студенттер шағымына жауап берді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 5-оқу ғимаратында жылудың болмауына байланысты білім алушылар әлеуметтік желіде шағымданды.
Студенттердің айтуынша, аудиториялар салқын болғандықтан сабаққа қатысу қиындаған.
— Қорқыт ата университеті, 5-корпус, жылу жоқ. Сыртта суық, аудиторияның іші одан бетер суық. Сабаққа білім алуға келіп, ауырып қайтып жатырмыз. Қыстың ортасында емес, қазірден тоңып біттік. Жылуды қашан қосады екен? — делінген жазбада.
Университет әкімшілігі бүгін жылу іске қосылғанын мәлімдеді.
— Жылудың уақытша тоқтатылуы биыл оқу ғимаратының жанынан жаңа ғимараттың бой көтеруіне байланысты жылу қазандығының қуатын арттыру және оның ауқымын кеңейту жұмыстарымен байланысты болды. Аталған жұмыстың барлығы университет ұжымы мен білім алушыларға қолайлы әрі жайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Жылу мәселесі университет басшылығының күнделікті қадағалауында, — делінген ресми хабарламада.
Бүған дейін біз жылу маусымы басталғалы Павлодар жұртынан мыңнан астам шағым түскенін жазғанбыз.