Әуе базаларын зымыранмен атқылаған: Пәкістан «жауап қайтаруға» уәде берді
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістан Үндістанды зымыран шабуылын жасады деп айыптады. BBC агенттігінің хабарлауынша, Үндістанның Әуе күштері шекара бағытына алты баллистикалық зымыран ұшырған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Пәкістан армиясының ресми өкілі Ахмед Шариф Чаудридің айтуынша, зымырандар Үндістанның Адампур қаласынан ұшырылған. Олар Пәкістан аумағындағы бірнеше әуе базаларды, соның ішінде Исламабад қаласынан 10 шақырым жердегі Равалпинди қаласында орналасқан Нур Хан базасын нысанаға алған. Чаудридің мәлімдеуінше, Пәкістанның Әуе күштеріне тиесілі нысандарға зиян келмеген.
Оның айтуынша, алты зымыранның бесеуі Үндістан аумағында, Пенджаб штатында атып түсірілген.
— Үндістан енді біздің жауабымызды күтуі тиіс, — деген Чаудридің сөзін Reuters агенттігі келтіреді.
Үндістан әзірге бұл айыптауларға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін Үндістан мен Пәкістан Кашмир аймағында бір-біріне тағы да оқ жаудырған болатын.
Пәкістан қорғаныс министрі екі ел арасындағы шиеленістің өршуі ядролық соғысқа әкелуі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Сондай-ақ, бұған дейін Air Astana әуе компаниясы Алматы -Дели бағытындағы рейстің ұшпайтынын хабарлаған еді. Кейіннен Үндістанға қатынайтын бірқатар ұшақтардың кестесіне өзгеріс енген болатын.