Әуе қорғанысы күштерінің курсанттары біліктілігін арттырып жатыр - ҚР ҚМ

ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жердегі мұқият даярлықтан кейін, әскери тағылымдаманың қорытындысы бойынша Л-39 реактивті оқу-жаттығу ұшағында өздігінен ұшулар орындалады. Болашақ ұшқыштар ұшақтың қозғалтқышы мен конструкциясын білумен қатар ұшу жұмыстарын регламенттейтін құжаттарды, ерекше жағдайларда әрекет ету жөніндегі нұсқаулықтарды зерделеуі тиіс.
Қазіргі уақытта курсанттар ТЛ 39 кешенді тренажерында шұғылдануда. Үйрену құралы саналатын тренажер курсанттардың әуеде орындайтын барлық іс-қимылдарын жерде пысықтауға мүмкіндік береді. Тренажерды пайдаланудың тиімділігі сол - қауіпсіздік қамтамасыз етіледі, жанар май үнемделеді және қателікке жол берген жағдайда әрқашан қайта бастауға мүмкіндік бар.
Курсанттардың қажетті білім мен тәжірибе жинақтауына Л-39 ұшақтарында жас ұшқыштарды дайындау тәжірибесі мол авиациялық оқу орталығының тәжірибелі нұсқаушы ұшқыштары көмектесуде.
«Оқыту барысында курсанттардың болашақ кәсіптік қасиеттерінің негізі қаланады. Ұшу тағылымдамасы мен бірінші өздігінен ұшулар - әрбір курсант өміріндегі ерекше сәттер. Осы уақытта өзін авиацияға, Отанға қызмет етуге арнайтын ұшқыш дүниеге келеді» - деді авиациялық оқу орталығының бастығы подполковник Асқар Ізбасаров.
Әуе қорғанысы күштері әскери институты Ақтөбе қаласында орналасқан. Мұнда болашақ армия және майдан авиациясының ұшқыштары, жерүсті қызметтерінің мамандары оқиды. Курсанттардың ұшу тағылымдамасы екінші курстан басталып, жыл сайын өткізіледі. Оқу соңына қарай курсанттардың ұшқан уақыты 80 сағаттан астам болады.