Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жауынгерлік дайындығы тексерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков жұмыс сапарымен Ақмола гарнизонында орналасқан 44813 әскери бөлімінде болды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Сапар барысында ұлттық қауіпсіздік жүйесінің негізгі буындарының бірі саналатын әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшесінің жауынгерлік дайындығына ерекше назар аударылды. Министрдің орынбасары жауынгерлік кезекшіліктің ұйымдастырылуымен, әскери бөлім инфрақұрылымының жай-күйімен және жеке құрамның қызмет өткеру жағдайымен жан-жақты танысты.
Сапар аясында бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы іс жүзінде тексерілді. Кезекші күштердің еліміздің әуе кеңістігін қорғау кезіндегі іс-қимылдары барынша шынайы жағдайда пысықталды. Жеке құрамның үйлесімділігі мен кәсібилігін атап өткен генерал-майор Асқар Мұстабеков қырағылық, тәртіп және тұрақты дайындық мемлекеттің әуе кеңістігін сенімді қорғаудың негізі екенін атап өтті.

Жеке құраммен кездесу барысында әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Қорғаныс министрлігінің өкілдері әлеуметтік пакетке енгізілген соңғы өзгерістерді, соның ішінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген жаңа түзетулерді жан-жақты түсіндірді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау шаралары мен тұрғын үй мәселелерін шешу тетіктері кезең-кезеңмен жетілдірілуде. Бұл жеке құрамның ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, Отанға адал қызмет етуіне жағдай жасайды, — деп атап өтті генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Жұмыс сапары аясында министрдің орынбасары мерзімді әскери қызметшілермен кездесіп, «Сарбаз 2.0» бағдарламасының мүмкіндіктерін талқылады. Аталған бастама жастардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етіп, әскери қызметтен кейін білім алу мен кәсіби өсу мүмкіндіктерін кеңейтетіні айтылды.

Өткен жылы әскерге шақырылған бірқатар әскери қызметшінің қызметін келісімшарт негізінде жалғастыру туралы шешім қабылдағаны ерекше атап өтілді. Солардың бірі — 20 жастағы кіші сержант Ерасыл Мұратов.
— Мен өткен жылдың мамыр айында мерзімді әскери қызметке шақырылдым. Бірнеше айдан кейін келісімшарт бойынша қызметімді жалғастыруға шешім қабылдадым. Қазір бөлімше командирімін және бағыныстыларым үшін жауапкершілікті саналы түрде атқарып келемін, — деді кіші сержант.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша әскери бөлім қолбасшылығына тәрбие жұмысын одан әрі жетілдіру, жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын нығайту және елдің әуе шебінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұлжытпай орындау туралы нақты тапсырмалар берілді.
Бұдан бұрын Қорғаныс министрлігі сарбаздарға қатысты тараған бейнежазбаға пікір білдірді.