Әуежайларды қорғау: Бірыңғай авиациялық қауіпсіздік қызметі құрылады
АСТАНА. Kazinform – Елімізде бірыңғай авиациялық қауіпсіздік қызметі құрылмақ. Оған ел әуежайларын қорғау өкілеттігі беріледі. Бұл туралы Көлік министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына жолдаған жауапта айтылған.

— Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган және мекемелер әуежайлардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар жұмысты атқарып жатыр. Олардың ішіндегі ең маңыздысы — Бірыңғай авиациялық қауіпсіздік қызметін құру. Аталған қызмет мемлекеттік мекеме нысанында құрылады және оларға ел әуежайларын заңсыз араласу актілерінен қорғау жөніндегі өкілеттік беріледі, - дейді ведомстводан.
Сондай-ақ министрлік қауіпсіздік қызметі қалай атқарылатынын да нақтылайды.
- Бұл функциялар бірыңғай орталықтандырылған мемлекеттік басқару арқылы жүзеге асады. Қазіргі таңда осы қызметті құруға негіз болатын құқықтық актілерге өзгерістер әзірленіп жатыр. Нормативтік реттеу жұмысы аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылық сипаттағы процес өткізіледі, - делінген хабарламада.
Ал, әуежайдағы аса маңызды қызметтің бірі — әуе диспетчері. Ол жерде отырып, әуе кеңістігіндегі ұшақтың өз бағытынан адаспай жол тауып, қонуына жауап береді. Қазақстанның азаматтық авиация қызметкерлері күні қарсаңында әуе диспетчерлерінің қызметі туралы жазылған болатын.
Биыл жыл соңына дейін «Азаматтық авиация академиясы» акционерлік қоғамына ерекше мәртебе беріледі. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
Сонымен қатар елімізде азаматтық авиацияны дамыту стратегиясы қашан құрылатыны туралы да ақпарат беріліп, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ға неге кіл шетелдік мамандар басшы болатыны белгілі болды.