Ауған соғысына Батыс Қазақстаннан 1021 жауынгер қатысты

ОРАЛ. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін - кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күні.
None
None

Аталмыш соғысқа Батыс Қазақстан облысынан 1021 адам қатысып, соның 27-сі елге мырыш табытпен оралды.

Ауған соғысының ардагері, 1995-2005 жылдары осы интернационалист-жауынгерлердің облыстық ұйымына жетекшілік еткен, қазір облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры қызметін атқаратын бірнеше медальдің және «Құрмет» орденінің иегері Беркінғали Ғабделовтің айтуынша, 1979 жылдан 1989 жылға дейін, он жылға дейін созылған соғыс ешқашан ұмытылмайды. Майдан даласында ерлікпен қаза тапқандар, өзі сияқты жараланып қайтқандар өз алдына, тіпті із-түзсіз кеткендер қаншама. Айталық, кеңес әс­кері қатарына Шыңғырлау ауда­­нынан шақырылған 1959 жылы туған Хамбал Ах­нафұлы Гамбаров (ұлты татар) 1980 жыл­ғы 27 мамырда Балх провин­циясының аумағында болған ұрыс­та хабарсыз кетті. Оның тағ­дыры әлі күнге дейін беймәлім. Негізі Хамбалдың туған жері күні кешеге дейін Торғай облысының орталығы болған Арқалық қа­ласы.

Кезінде өздері ауған соғысы­на қатыс­қан генералдар Руслан Аушев (Ингу­шетияның бұрынғы президенті) пен Борис Громов (Мәскеу облысының бұрын­ғы губернаторы) Ауғанстанда хабарсыз кет­кен кеңес жауынгерлерін іздестірумен әлі күнге күдер үзбей айналысып келеді. Осындай қажырлы қам-қарекеттің нәтижесінде 2012 жылы тұтқынға түсіп атылған екі қазақстандық боздақтың тағдыры мә­лім болды. Былтырға дейін хабар­сыз кеткендердің санатында бол­ған көк­ше­таулық Алексей Зуев пен түркістандық Әбділхакім Ерге­шовтің зираттары табылып, олардың сүйегі туған жердің қойнына берілді. Ауғанстаннан жеткізілген сүйек­тер қатардағы жауынгер А.Зуев пен кіші сержант Ә.Ерге­шовтің қаңқалары екендігі Ресей Феде­рациясының Қорғаныс министрлігіне қарасты сот-медициналық зертханасында молекулярлық-генетикалық зерт­теу арқылы дәлелденді.

-Біз ірілі-ұсақты біраз ұрыстарға қатыстық. Кейін Кеңес Одағының Батыры атанған лейтенант Александр Иванович Стовба біздің взвод­тың, яғни 40-шы армияға қа­рас­ты 66-шы дербес мотоатқыштар бри­­гадасының мотоатқыштар взво­ды­ның командирі болды. Ол - Фрунзе атын­дағы Киев жал­­пыкомандалық әскери учили­щесінің түлегі. Әскери жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін жарты жылдан соң, дәлірек айтқанда, 1980 жылдың қаңта­рынан бастап Александр Иванович әскери қызметін 40-шы армияның құрамында Ауғанстан Демократиялық Республикасында жалғастырды. 1980 жылғы наурыз айының отызында кешкі бестің шамасында Шоран (Чуран) шаһарынан 7 шақырымдай жердегі Серан қышлағының маңында біздің взвод кезекті ұрысқа кірді. Осы шайқас барысында дұшпандар бізді өзіміздің ротаның негізгі күшінен бөліп тастады. Сөйтіп, біздің взвод қоршауда қалып, дұшпандар бірден айқын ба­сымдыққа ие болды. Аяғынан жараланған взвод командирі жаяу әс­кердің ұрыс көлігінен (БМП) пулеметті ала шығып, тірі қалғанымызға атыса отырып, кері шегінуге бұйырды. Өзі бұйрық бойынша шегінген біздің жауынгерлердің жолын бөгемек болған дұшпандарға пулеметтен оқ жаудырып, олардың біразын жер жастандырыпүлгерді. Осы ұрыста мен тіземнен жараландым. Аяғын басып жүруден қалған мені жауған оқтың астынан шымкенттік досым Марат пен жергілікті пұштын тайпасының өкілі Шеренді алып шықты. Күші басым жау сол жолы дегеніне жетті. Есіл ер, біздің ержүрек командиріміз лейтенант Стовба сол ұрыста мерт болды. Ол Украинаның Днепропет­ровск облысына қарасты өзі туып-өскен Днепродзер­жинск қаласының маңында жер­ленді. Қаза тапқаннан кейін жанқиярлық ерлігі үшін лейтенант Александр Стовбаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол өлең жазады екен.Қойын дәптеріндегі өлеңдерінің астына «А. И. Ст» қол қойып жүріпті. Сол себепті бертін келе, біздің командиріміз «Аист» атанып кетті. Бүгіндері интернационалист-жауынгерлер А.Стовбаның біраз өлеңіне әуен шығарып, сол әндерді гитарамен айтып жүр. А.Дмитриенко деген украин ақынының А.Стовбаға арналған «Аист» деген поэмасы бар. Жалынды жырлары үшін Александр Ивановичке өзі өмір­ден өткеннен кейін бүкілодақтық Ленин комсомолы және КСРО Қорғаныс министрлігінің сый­лығы беріліп, ол КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Командиріміз оққа ұшқан жаңағы шайқаста біздің бригададан 26 адам жараланып, 6 адам қаза тапты. Сол ұрыста менің досым, пулеметші Николай Гудима да мерт болды. Ал мен алған жарақаттың кесірінен сапқа қайтып тұра алмадым. Әуелі Қабылдың, кейін Ташкент госпиталында емделіп, күн ілгері елге оралуға мәжбүр болдым, деп еске алады Беркінғали Ғабделұлы.

Соңғы жаңалықтар