Ауғандық интернационалист-жауынгерлер «Қазақстан» кемесінде теңізшілермен кездесті

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мұнда әскери бөлім мен Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық интернационалист-жауынгерлер кеңесі бірлесіп, ауған соғысы ардагерлеріне лайықты сый-құрмет көрсетті. Бұл кездесу өткен жылы сәуір айында суға түсірілген отандық тұңғыш шағын ракеталық-артиллериялық «Қазақстан» кемесінде өткізілді. Шараны өткізуге әскер бөлім бастығының орынбасары - тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы подполковник Аслан Сәрсенбаев мұрындық болды.
Ауған соғысының ардагерлері «Қазақстан» кемесі жеке құрамының тыныс-тіршілігімен, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен жақынырақ танысты. Олар сарбаздарға ауған жерінде интернационалдық борыштарын өтеу кезінде бастан кешкендері туралы естеліктер айтып, жауынгер достарын еске түсірді. Кездесу соңында ардагерлер мен әскери теңізшілер қосылып патриоттық әндерді орындады.
Сол күні түс ауа кездесу Ақтау қалалық интернационалист-жауынгерлер кеңесімен бірлесіп өткізілді.