Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азияға транзиттік жол саламыз – Дидар Теменов
АСТАНА. KAZINFORM — Бұған дейін БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстандағы орнықты дамуға арналған орталығы құрылған болатын. Оны тарихи оқиғаға балап, аймақтағы дамуды үйлестіру мекемесі ғана емес, дипломатиялық қалқан деп атап жатқандар бар. Президенттің тапсырмасымен еліміздің Сыртқы істер министрлігі жобаны толық атқарып шықты. Орталықты құруға Қазақстан тарапынан жауапты болған мамандардың бірі, министрліктің көпжақты ынтымаққтастық департаментінің директоры Дидар Теменовтің Jibek Joly телеарнасының «Жаһан жайы» бағдарламасына берген сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.

– Алдымен Орталық Азия мен Ауғанстандағы орнықты даму мақсаттары жөніндегі орталықтың құрылу тарихын толық баяндап берсеңіз.
– Тамыз айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш Орталық Азия және Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттарына арналған орталықтың қол қою рәсіміне куә болды. Аталған құжатқа Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Бас хатшының орынбасары Ла Джин Хуа қол қойды.
Бірақ орталықты құру оңай шаруа болған жоқ. Бұл орталықты құру жөнінде Мемлекет басшысы алғаш рет 2019 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясының 74-сессиясында айтқан болатын. 6 жыл көлемінде Сыртқы істер министрлігі, барлық елшіліктер, әсіресе Нью-Йорктегі біздің тұрақты өкілдігіміз ат салысып, осы жылдың 4 наурызында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында дауыс беру болды. Бастамамыз бір ауыздан қабылданды. Оған қоса 152 мемлекет тең демеуші болды. Оның ішінде әлемнің алпауыт елдері: Қытай, Ресей, Еуропалық одақтың барлық мүше елдері, Жапония, Үндістан бар.
– Осы орталықты құру қандай қажеттіліктен туындады және бұл ұсынысты неге Қазақстан жасады?
– Қазір әлемдегі геосаяси жағдайда Орталық Азия аймағы жаһанның жаңа субьектісі ретінде танылып келе жатыр. Мемлекет басшылығындағы тұлғалардың қызметі орасан зор. Сонымен қатар еліміздің бейбітсүйгіш және көпвекторлы сыртқы саясатының әсері көп.
Бас хатшы Алматыға келген кезде «Мен Қазақстанға тек осы орталықтың ашылуына ғана келмедім, мен Қазақстанның әлемдегі бейбітсүйгіш, елдер арасына көпір салушы ел ретінде танылған БҰҰ-ның жақын досы ретінде құрмет білдіру үшін келіп отырмын» деді. Сондықтан Қазақстан жайдан-жай бастамашылық еткен жоқ. Біздің ойымызша, қазір әлем, әсіресе БҰҰ күрделі дағдарыстан өтіп жатыр. Ғаламдық мәселелерді аймақтық деңгейде шешуді бір жол ретінде қарастырамыз.
Орнықты даму мақсаттарында экологиялық, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын талқылаймыз. Орталық Азия мен Ауғанстандағы орнықты даму мақсаттары бойынша орталықтың Қазақстанда құрылуының негізгі себебі – Алматыда 18 БҰҰ-ның агенттігі мен қорлары жұмыс істейді. Аталған БҰҰ-ның бөлімшелерінің аймақтық және субаймақтық мандаттары бар. Яғни, тек осы Қазақстанда емес, Орталық Азия, Кавказ елдерін қамтитын бөлімшелер бар.
Сол 18 ұйым әрқайсысы өзінің миссияларын жеке-жеке жүзеге асыратын. Әрқайсысының штаб-пәтері бар. Біреуі Нью-Йоркке бағынса, біреуі Женеваға бағынады. Өздерінің жеке бағдарламасы, жеке бюджеті болады. Бір байқағанымыз, олар кейде бір-бірімен жүйелі түрде үйлестірілген жұмыс істемей келді. Бір-бірімен бәсекелес болып, бір қаржы көзіне таласады. Соны болдырмас үшін біздің бастамамызбен барлығын біріктіріп, осы аймақтық мәселелерді бірлесіп шешуге көштік.
Мәселен, Орталық Азияда экологиялық ауызсу тапшылығы мен миграция мәселесі бар. Айта берсек көп. Осы мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын табу керек болды және оны үйлестіретін бір басшы керек. Сондықтан осы орталықты құру арқылы біз барлық БҰҰ-ның агенттіктерін бір мүддеге жұмылдыруды жоспарладық.

– Орталық Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қалай көмектесе алады? Шынымен де ол елдің әлемге интеграциялануына жәрдем бере ала ма?
– Ең алдымен осы бастаманы қолға алмас бұрын Орталық Азия елдерінің келісімін алдық. Барлық Орталық Азияның атынан бұл резолюция ретінде ұсынылды. Әрине, біз Ауғанстан тарапының да пікірін сұрадық. Олар қолдады.
Орнықты даму мақсаты Ауғанстан үшін де өзекті, өйткені оларда да жұмыссыздық мәселелесі, экономикалық, экологиялық проблемалар өте көп. Ауызсу тапшылығы тағы бар. Сондықтан осы мәселелерді БҰҰ-ның ең мықты деген тәжірибесін алып, Орталық Азияға енгізіп, іс жүзінде оны көрсету – біздің мақсатымыз болды.
Жалпы, транзиттік, транспорттық, логистикалық байланыс орнатып, сауда-саттық, экономикалық жағынан Орталық Азиямен жақсы қарым-қатынаста болу арқылы Ауғанстан да экономикасының дамуына жол ашады.
– Ауғанстанмен жағдайды жақсарту Қазақстанға, басқа да мемлекеттерге қандай пайда береді?
– Мысалы, бізде Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азияға транзиттік жол салу мүмкіндігі бар. Қазір Горган-Ирак темір жол құрылысын салу жоспарда бар. Соны жүзеге асырсақ, кейін Қазақстанның тауарларын Оңтүстік Азиядағы алпауыт елдер – Үндістан, Пәкістанға жеткізе аламыз.
Тікелей ашық мұхитқа жол ашылады. Біздің экономикамызды әртараптандыруға септігін тигізеді. Екінші айта кететін жақсы жағы – БҰҰ орталығы Алматыда болғандықтан, Алматыда көптеген халықаралық шаралар өтеді. Яғни, оған әлемнің барлық елінен сарапшылар, эксперттер, қатысушылар келген сайын біздегі әуе компанияларының билеттерін алады, қонақ үйде тұрады, ресторандарға барады, туризм саласының дамуына өте көп ықпал етеді. Бұл еліміздің бюджетіне қосымша қаржы тартуға мүмкіндік ашады. Бұл – біздің елімізге деген үлкен халықаралық қауымдастықтың сенімі.
– Әңгімеңізге рақмет!