Ауғанстан азаматының көлігін тартып алған 4 жергілікті тұрғындар құрықталды - ОҚО

Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Белгілі болғандай, күдіктілер «Toyota Camry-40» маркалы автокөлігін иелену мақсатында қосалқы бөлшектерді сатумен айналысатын 25 жастағы жәбірленушіні үйдің кіреберісінде торуылдайды.Күдіктілер оған пышақ тақап қорқыту арқылы басын матамен қымтап, қолын байлайды да белгісіз бағытқа алып кетеді. Қаскүнемдер автокөлік салонында жәбірленушінің 200 мың теңгесін, ұялы телефонын және автокөліктің кілтін тартып алады. Содан соң «Алматы-Қапшағай» бағытындағы жол бойына - ен далаға қалдырып, өздері бой тасалайды. Жол-жөнекей көлікпен үйіне жеткен жәбірленуші автокөлігінің ұрланғандығын көріп, полицияға арызданған. Келтірілген залалдың жалпы құны 3 миллион 900 мың теңгені құрады. Қазіргі таңда ұрланған автокөлік, иесіне қайтарылып, қарақшылық шабуылы фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.