14:15, 06 Сәуір 2012 | GMT +5
Ауғанстан мәселесін біз тек ұжымдасқан, бірлескен түрде ғана тиімді шеше аламыз - Е.Қазыханов
АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Ауғанстанда қалыптасып отырған жағдайды тек бірлескен күштердің көмегімен ғана шешуге болады деп есептейді.

Бұл туралы ол бүгін ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесінен соң журналистермен болған баспасөз мәслихатында айтты.
«Біз бүгінгі мәжіліс барысында Ауғанстан мәселесін ортаға салдық. Бұл ретте бірінші кезектегі мәселе Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы шекараны нығайтумен байланысты болды. Тәжікстан бүгінде біздің ұйымымыздың белсенді мүшелерінің бірі. Осыған орай бүгін Ауғанстанмен шекараны бірлескен түрде нығайту жөніндегі мәселе қаралды. Біз ҰҚШҰ-ға төраға ретінде бұл мәселені назардан тыс қалдырмаймыз. Өкінішке қарай, Ауғанстан Орталық Азия елдеріне үлкен қауіп төндіріп отыр. Сондықтан бұл мәселені біз тек ұжымдасқан, бірлескен түрде ғана тиімді шеше аламыз»,-деді министр.