Ауғанстан Президентінің алғашқы ресми сапары екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа дәрежеге көтереді - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан Президентінің алғашқы ресми сапары екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа дәрежеге көтереді деп сенемін.
None
None

Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанимен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты. «Құрметті Президент мырза, делегация мүшелері сіздерге, Қазақстанға, Қазақ елінің астанасына қош келдіңіздер деймін. Менің шақыруыммен келіп отырған сіздің алғашқы ресми сапарыңыз екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жаңа дәрежеге көтереді деп сенемін. Біз, Ұлы дала елі сіздерменен, ауған елімен әр уақытта да жақсы қарым-қатынаста боламыз. Үлкен тарихымыз бар. Мәдени және тарихи кездесулеріміз бар», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы көне тарихқа үңілер болсақ, екі елдің арасындағы қарым-қатынас бұдан 500 жыл бұрын қазақ хандықтары мен Ахмед шах Буранидің арасында басталғанын атап өтті. «30 жылдан артық сіздердің елдеріңізде болып жатқан азамат соғысы халықтың жағдайын барынша күйзелткенін білеміз. Сондықтан сіздің жасап жатқан ұлы жұмыстарыңыз ауған елінде тыныштық орнатуға, мемлекетті нығайтуға бағытталғанын біз көріп отырмыз әрі қолдаймыз. Қай кезде болса да, қай жерде болса да келіссөздерде, халықаралық кездесулерде біз әр уақытта да сіздердің елдеріңіздің, Ауғанстанның алған бағытын қолдап отырамыз. Әлі де қолдаймыз», - деді ҚР Президенті. Елбасы өткен ғасырдың 96-шы жылы Солтүстік Ауғанстанда жағдай шиеленіскен кезде Орталық Азия мен Ресейдің төтенше кездесуі Қазақстанда өткенін еске салды. «Сол кездесу Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған арнайы қарардың қабылдануына себеп болды. Бүгінгі сізбен жеке жүргізген келіссөздерімізде барлық екіжақты, халықаралық қарым-қатынасты, Ауғанстанның болашағын, сауда-саттық мәселесін қарастырдық», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар