Ауғанстан трафигі: Талибан есірткі арналарын жоя алды ма
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ мәліметіне қарағанда, героин мен метамфетаминді өндіру жағынан алдыңғы қатарда болған Ауғанстанда есірткінің дәмін татқан төрт млн-ға жуық адам бар. Сонымен қатар, бұл мемлекеттен шыққан есірткі заңсыз экспортқа бағытталып жатыр. Осы орайда, Kazinform есірткі таратудың ең ірі арнасының мәселесі мен тәліптердің трафикті тоқтату бағытында қалай күресіп жатқаны жайында мәліметтерді көпшілік назарына ұсынады.
Негізінен, есірткі өндіру және оны әлемдік нарыққа жеткізу мәселесі үнемі Ауғанстандағы қақтығыстармен қатар жүрді. Бұл ретте 1970-ші жылдардағы төңкерістерді, 1980-2020 жылдардаға шетелдік күштердің кіруі мен ішкі қақтығыстарды атап өтуге болады. Мұндай қақтығыстар мен соғыстар орталық билікті әлсіретіп отырды. Апиын есірткісі оны өсіретін шаруалардан бастап саудагерлерге, тасымалдаушыларға және дала командирлеріне «жеңіл ақша» әкелді.
Шын мәнінде, есірткі проблемасы орталық биліктің қатаң ұстанымына, оның елдегі әрі ішкі провинцияларындағы жағдайды бақылау мүмкіндігімен байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Талибан Ауғанстанда кейінгі 45 жылда билігі елдің басым бөлігіне жеткен алғашқы үкімет. Дегенмен, оларға қарсы ішкі күштер де бар. Бұл ретте бұрынғы биліктің кейбір өкілдері және 1996-2001 жылдар аралығында Талибанға қарсы соғысқан Солтүстік альянсты атап өткен жөн. Алайда, тәліптер елдің барлық аумағында билігін жасап отыр және олардың бақылауында емес аймақтардың бар екендігі туралы ақпарат жоқ.
Тәліптер жетістігі
Бұл жағдайда апиын өндіруге тыйым салу - орталық биліктің әлеуетін іске асырудағы Талибанның мүмкіндігін танытады. Егер олар есірткіге толықтай тосқауыл қойса, бұл жағдай тәліптердің билігін айқын көрсетеді. Сондықтан бұл олардың басқаруын жалғастыру үшін маңызды сәт десек болады.
Тәліптер алғаш рет 2000-2001 жылдары билікте болған кезде есірткі өндірісіне тыйым салуға тырысты. Сол кезде апиын алқаптарын 10 есеге қысқартып, 80 мыңнан 8 мың гектарға дейін азайтты. Осыдан кейін есірткінің бір келісі 100-ден 750 долларға дейін өсті. Олар 2021 жылдың тамызында билікке қайта келген кезде, Ауғанстанның бұдан былай апиын өндіретін ел болмайтынын бірден жариялады. Бұл туралы 2021 жылдың 18 тамызында Талибанның ресми өкілі Забиулла Муджахид айтты. Осы орайда ол Ауғанстанға бұл салада халықаралық қауымдастықтың көмегі қажет болатынын атап өтті. 2022 жылдың 3 сәуірінде қозғалыстың жоғарғы көшбасшысы Хайбатулла Ахундзада бүкіл Ауғанстанда апиын көкнәрін өсіруге қатаң тыйым салынғанын мәлімдеді. Демек, ресми ұстаным нақты айқындалды.
Алғашында тәліптер жылдам нәтижеге жете алмады. 2022 жылы апиын алқаптары 32 пайызға өсіп, 233 мың гектарды құрады. Бұл ретте оның бағасы бір жылда үш есеге өсті. БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының мәліметінше, 2023 жылы осы алқаптар 233 мың гектардан 10 800 гектарға дейін азайды. Ұйым осы деректерді спутниктік суреттерге сүйеніп жариялады.
Иранға бағытталған канал
Жалпы, тәліптер апиын егістіктерін құртып жатыр деген ақпарат көп тарады. Бұған қоса, олар Иран полициясымен бірлесіп есірткі саудагерлеріне қарсы операция жүргізіп жатыр. Иран үшін ауған апиыны мен одан өндірілген героин өте күрделі проблема саналады.
Есірткі бұған дейін де Иран мен Ауғанстан шекарасы арқылы өтіп келді, кейде тіпті контрабандашылармен қақтығыстар да болып тұрды. Әрине, бұл жағдай Ауғанстандағы орталық биліктің әлсіздігінен орын алып жатты. Қазір жағдай Талибанның есірткіге қарсы саясатына байланысты біршама өзгеріп жатқан сияқты.
2022 жылдың тамыз айында ирандық шекарашылар Ауғанстанның қолдауымен шекарада 1,4 тонна апиын тәркіледі. Бір ай бұрын 800 келі апиын, гашиш және басқа да есірткі түрлері анықталды. Сондықтан Ауғанстанда апиынды өндіру және тасымалдау қиындап барады.
Орталық Азияға тасымалдау жолы
Бірақ мұндай оң өзгерістерге қарамастан, Ауғанстанда есірткі өндіру әлі де жалғасып жатыр. Бұған есірткінің ірі көлемдегі тасымалдарын анықтау деректері дәлел болып тұр. 2023 жылдың қыркүйегінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінде 2022 жылы шекарада 5 тонна есірткі тәркіленгенін айтты.
2023 жылдың желтоқсан айында Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік орталығының директоры Атагелді Язлыев тиісті мәлімттерді ұсынып, 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Орталық Азия елдерінде тәркіленген есірткі көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 100%-ға өскенін мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл Ауғанстанда ертеректе жиналған қордан жеткізілген немесе есірткі өндіру жалғасып жатыр.
2024 жылдың тамыз айында Қазақстан шекарашылары Өзбекстанмен арадағы шекарада, яғни Түркістан облысында 775 келі героин тәркіленгенін хабарлады.
Әрине, есірткі трафигінің белгілі бір бөлігі ғана анықталып жатқаны белгілі.
Жалпы алғанда, әр жылдары барлық есірткі трафигінің 50-ден 65%-ға дейінгі көлемі Орталық Азия арқылы өткен деп хабарланып жүрді. Қазір жағдайдың қалай екенін нақты айту қиын. Ауғанстанда апиынға қатысты тәліптердің тыйымынан кейін, метамфетамин өндіру көлемі айтарлықтай өсті деген ақпарат бар. Бұл есірткі де біздің өңір арқылы өтуі мүмкін.
Бір жағынан Ауғанстанда опиум өндіру азайып жатыр және мұны БҰҰ басқармасы жанама деректермен растады. Екінші жағынан, Ауғанстанға көрші мемлекеттерде бұл елде есірткі өндіру жалғасып жатыр деген пікір бар, себебі шекарада заңсыз өнімдерді тәркілеу деректері әлі де байқалып отыр.
Сонымен қатар, ауған есірткісін алып жатқан негізгі нарықтардың мәселесі бар. Иран, Еуропа, Орталық Азия және басқа да елдерде нашақорлар баршылық. Оны өндіру көлемінің күрт төмендеуі бағаның өсуіне және өнім тапшылығына әкелуі керек еді. Бірақ бұл жағдай әлі расталған жоқ.
Талибан тыйымына дейін өндірілген бұрынғы есірткі қоры әлі де жеткізіліп жатқан болуы мүмкін. Алайда Ауғанстанның кейбір аймағына тәліптер бақылау жасамай отыр деген уәж бар.
Осы жерде айта кететін жайт, тәліптерде қазіргі бюрократиялық мемлекеттердегідей полиция жүйесі қалыптаспаған.
Қалай болғанда да, тәліптер есірткіге қарсы күресте біраз жұмыс атқарды. Дегенмен, олардың бүкіл ел бойынша өз шешімін орындауға мүмкіндігі жоқ екені анық. Сондықтан осы елдің кейбір тұрғындары апиынды көкнәр өсіріп жүр және метамфетамин өндіріп, оның бәрін бүкіл әлемге тасымалдайды. Бұл жағдай Талибанның билік орталықтарынан алыс жерде, яғни назардан тыс қалған аумақтарда болуы мүмкін.