Ауғанстанда 22 миллион әйел мен қыз медициналық көмексіз қалуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстанда 22 миллион әйел мен қыз тәліптер енгізген шектеулер мен гуманитарлық көмектің қысқаруына байланысты көп уақыт медициналық көмексіз қалуы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ мәлімдеді.
Ұйым өкілдерінің хабарлауынша, Ауғанстанда әйелдер мен қыздардың құқығы шектеліп, халықаралық көмек көлемі азайғандықтан, жағдайы күн сайын қиындап барады.
2021 жылы тәліптер билікке келгеннен бері әйелдердің үйден шығуына, білім алуына және жұмыс істеуіне шектеу қоятын 100-ден астам жарлық шығарған.
«БҰҰ-Әйелдер» ұйымының дерегінше, халықтың гуманитарлық көмекке сұранысы артып отырғанымен, оны қаржыландыру көлемі қысқарған. Бұл жағдай онсыз да күрделі ахуалды одан әрі ушықтыра түскен.
Ұйымның гуманитарлық мәселелер жөніндегі бөлімінің басшысы София Калторп 22 миллион әйел мен қыз көп уақыт медициналық көмексіз қалуы мүмкін екенін ескертті.
БҰҰ мен гуманитарлық ұйымдардың мәліметінше, қаржыландырудың қысқаруы елдегі миллиондаған әйелдің өміріне әсер еткен.
Атап айтқанда, 300-ге жуық гуманитарлық медициналық орталық жабылып, жұмысын тоқтатқан. Соның кесірінен миллионнан астам әйел мен қыз жапа шеккен.
Бұған қоса гендерлік зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін 193-тен астам орталықтың жабылуы миллионнан астам әйел мен қызға кері әсер еткен.
Сондай-ақ 3,4 миллионға жуық мұқтаж әйел мен қыз таза суға, санитарлық жағдай мен гигиена қызметтеріне қол жеткізе алмай қалуы мүмкін.
Ауғанстанға сапарынан оралған София Калторп жергілікті әйелдердің ауыр жағдайына тоқталды. Мәселен, Кунар провинциясындағы бір әйел медициналық көмек ала алмай, бірнеше рет түсік тастағанын айтқан.
БҰҰ өкілінің мәліметінше, көптеген әйел былтырғы жер сілкінісінен кейін әлі де үйіне орала алмай жүр. Ал Пәкістанмен арадағы қақтығыстар мен су тасқыны кейбір тұрғындарды баспанасын қайта тастап кетуге мәжбүр еткен.
«БҰҰ-Әйелдер» ұйымы мұқтаж әйелдерге шұғыл қаржылай және психологиялық қолдау көрсетіп, шағын кәсіп ашуға көмектеседі. Дегенмен София Калторп мұндай көмектің тәліптер енгізген шектеулердің зардабын жоюға қауқарсыз екенін айтты.
Бұған қоса қыздардың білім алуына қатысты жағдай алаңдатады. Қазір Ауғанстанда 2,6 миллионға жуық қыз орта білім ала алмай отыр.
«БҰҰ-Әйелдер» ұйымының болжамынша, мұның соңы ерте некелердің көбеюіне және ана өлімінің жиілеуіне әкелуі мүмкін.
Ұйымның Ауғанстандағы арнайы өкілі Сьюзан Фергюсон әйелдер құқығының тапталуына байланысты қалыптасқан ахуалды әлемдегі ең ауыр дағдарыс деп бағалады.
Оның айтуынша, қаржы тапшылығына байланысты гуманитарлық ұйымдар көмекке мұқтаж жандардың бәріне бірдей қолдау көрсете алмай отыр.
Осыған байланысты Фергюсон үкіметтер мен халықаралық донорларды Ауғанстандағы әйелдер мен қыздарға бөлінетін көмекті қысқартпай, керісінше, көбейтуге үндеді.
Бұған дейін Ауғанстанда 52 әйел мен бір қыз киім талаптарын бұзды деген күдікпен ұсталғаны хабарланған болатын.