Ауғанстанда алтын өндірушілерді қар көшкіні басып қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Ауғанстанның Бадахшан провинциясында қар көшкіні салдарынан екі адам қаза тауып, тағы алты адам жарақат алды. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.
Қайғылы оқиға елдің солтүстігіндегі Арганджхва ауданында болған. Қар көшкіні алтын өндірумен айналысып жатқан жұмысшылар тобы жүрген тау бөктеріне құлаған.
Провинция полициясының өкілі Эхсанулла Камгардың айтуынша, жергілікті билік зардап шеккендерді тікұшақпен эвакуациялауды ұйымдастырған.
Қаза тапқандардың мәйіттері мен жараланған алты адам провинцияның әкімшілік орталығы Файзабад қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Гималайда қар көшкіні туристер тобын басып қалғанын хабарладық.
Сондай-ақ қыркүйек айында Кабардин-Балқариядағы қар көшкінінен қаза тапқан альпинистер саны 15-ке жеткенін жаздық.