Ауғанстанда Кош-Тепа каналының іске қосылуы Қазақстанға қалай әсер етеді
АСТАНА. KAZINFORM – Ауғанстанда Кош-Тепа каналының салынуы Сырдария арқылы Қазақстанға келетін су көлемінің азаюына себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов мәлім етті.

– Алдағы уақытта судың күрт ауытқуын күтпейміз, – деді ол.
– Бірақ болашақта Сырдарияның суы азаюы бмүмкін. Бұл біздің көп жылдан қиын жағдайдағы Аралға әсер етеді, - деді Аслан Абдраимов елордада өткен «Су қауіпсіздігі және трансшекаралық су пайдалану: сын-қатерлер мен шешімдер» атты халықаралық конференция барысында.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан мен Ауғанстан арасында тікелей шекара болмағанымен, жаңа каналдың әсері бәрібір сезіледі.
– Біз Ауғанстанмен шекаралас емеспіз, бірақ олардың алатын су көлемі болашақта жалпы жағдайға әсер етеді. Әмударияның 30%-ға дейінгі суы Ауғанстанға кетуі мүмкін, - деді.
Ауғанстанның Кош-Тепа каналы арқылы судың қайта бөлінуі мәселесіне қатысты «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев те үн қатты.
– Біз сын айтқымыз келмейді. Бүгін біз қазақстандық және халықаралық ғалымдарды шақырдық. Олар каналдың тиімділігін арттырып, су ысырабын азайту жолдарын ұсынып отыр. Біз онымен бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Бұл – ортақ мәселе, – деді А.Әміртаев.
Партия төрағасының айтуынша, Әмударияның су ресурсының шамамен 25-30%-ы болашақта Ауғанстанның жаңа каналына бағытталатын болады.
– Демек, Өзбекстан мен Түрікменстанға су аз түседі. Тиісінше, Өзбекстан Сырдарияның суын көбірек пайдалануы мүмкін. Бұл Қазақстанға келетін судың көлемін азайтады. Тіпті Өзбекстан тарапынан келетін су 30-40%-ға дейін қысқаруы мүмкін. Мұнда тек бірлескен жұмыс қажет. Иә, бұл – үлкен мәселе, оны шешу керек, – деді Азаматхан Әміртаев.
Еске салайық, Ауғанстанның жаңа каналы Орталық Азияны су тапшылығына ұшыратуы мүмкін бе деген тақырыпты Kazinform тілшісі тарқатқан еді.