Ауғанстанда сотталғандар мен борышкерлерге төлқұжат беруге тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстанда төлқұжат ала алмайтындардың тізімі кеңейтілді, деп хабарлайды Khaama Press.

Басылымның мәліметінше, төлқұжат бөліміне жаңа ережелер енгізген. Олардың айтуынша, сотталғандарға, қамқоршысы жоқ балаларға, сондай-ақ өтелмеген қарызы немесе басқа да міндеттері бар тұлғаларға шетелге шығуға және төлқұжат алуға тыйым салынады.
— Биометриялық жүйелер мен деректер базасы арқылы шетелге шығуға тыйым салынған тұлғалар ретінде анықталған адамдардың төлқұжатын беруден автоматты түрде бас тартылады, — делінген хабарламада.
Басылымның жазуынша, бұған дейін барлық азаматтар төлқұжат алуға құқылы болған, ал шектеулер тек жекелеген қылмыстық істер бойынша ғана қолданылған.
Ауғанстанда жеке басын куәландыратын құжат «тазкира» деп аталады және оны халықтың басым бөлігі пайдаланады. Шетелге шығу үшін төлқұжат қажет.
Еске сала кетейік, Ираннан шығарылған 70-тен астам ауғанстандық босқын жол апатынан қаза тапты.