Ауғанстанда ұшақ апатынан аман қалғандар Мәскеуге келді
АСТАНА. KAZINFORM - Ауғанстандағы ұшақ апатынан аман қалған төрт адам Мәскеуге ұшып келді. Ұшақ таңертең Внуково әуежайына қонды, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
Ұшып келу таблосындағы мәліметке сәйкес, Дубайдан ұшқан рейс Мәскеу уақытымен сағат 6:21-де қонды.
Бортта әуе апатынан аман қалған екі ұшқыш пен екі дәрігер бар.
20 қаңтар күні кешке Falcon 10 ұшағы байланысқа шықпай қалып, Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасындағы ауданда радардан жоғалып кетті.
Таиландтан Мәскеуге ұшқан әуе кемесінің бортында алты адам болған.
РФ Тергеу комитеті апатқа қатысты қылмыстық іс қозғады.
21 қаңтарда “Талибанның” көлік министрлігі құтқарушылар ұшақты тапқанын, төрт адам, оның ішінде ұшқыш аман қалғанын хабарлады.