Ауғанстандағы демографиялық өзгеріс Орталық Азияға қалай әсер етпек?

АСТАНА. KAZINFORM - Тәліптер басқарып отырған Ауғанстан қайтадан әлемдік қауымдастықтың назарын аударды. Кейінгі кездері бұл ел жаһан жұртшылығы үшін тым елеусіз қалған. Көпшілікті селт еткізер жаңалықтар да шыққан жоқ. Бір жағынан тәліптердің бір қалыпты ішкі саясатына көз үйренгендей. Осыған орай Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы Ауғанстанда қандай өзгерістер болып жатқанын, оның Орталық Азияға, әсіресе Қазақстанға қалай әсер ететінін сарапшымен талқылап көрді.

Перенаселенность Афганистана может стать вызовом для стран Центральной Азии
Коллаж: Canva

Ең әуелі Ауғанстанда байқалып отырған екі мәселе бар. Біріншіден, халық саны күрт артса, екіншіден, экономикалық тығырықтан әлі шыға алмай келеді. Осындай тұрақсыздық пен инфрақұрылымның дамымауы іргеде жатқан Орталық Азияға сын-қатер тудырмай қоймайды. Сондықтан тәліптер басқаратын үкіметтің ішкі мәселесі сыртқа да әсер ететін күрделі фактор саналып отыр.

Қазір бұл елде халық саны 36-40 млн шамасында. Жыл сайын 1,35 млн бала дүниеге келеді. Осы қарқын сақталса, алдағы 30 жылдың ішінде Ауғанстан халқының саны қазіргіден екі есе көп болады.

Саясаттанушы әрі шығыстанушы Сұлтан Әкімбековтің айтуынша, адам санының көбеюі аймақта тағы бір мәселені туындатады.

- Бұл демографиялық жарылыс Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі ушықтыра түсуі мүмкін. Онсыз да елде жұмыс орындары тапшы, ресурстар жетіспейді, білім беру мен денсаулық сақтау саласында проблемалар көп. Сондықтан миграция ағыны артуы ықтимал. Бұған дейін көптеген ауған азаматтары елдегі тұрақсыз жағдайға байланысты Иран, Пәкістан сынды көрші елдерге қоныс аударған. Енді заңсыз мигранттар Орталық Азияға қарай ағылуы мүмкін, - дейді сарапшы.

Перенаселенность Афганистана может стать вызовом для стран Центральной Азии
Коллаж: Canva

Кейінгі уақытта Иран мен Пәкістан ауғанстандық босқындарды депортациялап жатыр. Алғашқысы 1,2 млн адамды, ал Пәкістан 1,8 млн заңсыз мигрантты қайтадан Ауғанстанға қайтарды. Бұл босқындардың едәуір бөлігі ел ішіндегі ең жағдайы нашар аудандарға жіберіліп жатыр.

Сұлтан Әкімбековтің сөзінше, негізі Ауғанстанның ірі халықаралық транзит хабын құра алатындай мүмкіндігі бар. Көрші елдермен экономикалық байланысын да нығайта алар еді.

- Ауғанстан арқылы өтетін TAPI газ құбыры, теміржол салу сияқты ірі халықаралық көлік және инфрақұрылым жобалары ұзақ жылдар бойы іске аспай келеді. Талибан билігінің халықаралық деңгейде мойындалмауы, санкциялар мен инвестицияның жетіспеуі жобалардың тұралауына алып келді.

Егер бұл жобалар іске қосылса, Ауғанстан аймақтық транзиттік хабқа айналып, көрші елдермен экономикалық байланыстарды нығайтар еді. Бұл ретте Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан бұл жобаларға белсенді араласуға мүдделі болатын, - дейді шығыстанушы.

Әйтсе де қазір Қазақстан мен Ауғанстанның сауда байланыстары дамып келеді. Мысалы, 2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жетсе, 2024 жылдың алғашқы 6 айында 527 млн доллар болып тіркелген. Негізінен Қазақстан бұл елге астық, ұн, май және күнделікті тұрмысқа қажет өнімдерді экспорттайды.

Перенаселенность Афганистана может стать вызовом для стран Центральной Азии
Коллаж: Canva

2025 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасында теміржол салу бойынша меморандумға қол қойылды. Бұл бастама жүзеге асса, екі ел арасындағы логистикалық қатынас жеңілдеп, тауар айналымының жылдық көлемі 3 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін.

Алайда саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков саяси шектеулер барын ұмытпаған жөн екенін айтады.

- Қазір Ауғанстан билігін халықаралық қауымдастық ресми түрде мойындаған жоқ. Бұл елге бағытталған экономикалық санкциялар да күшінде тұр. Дегенмен Сирияның мысалына қарап, санкцияларды біртіндеп жеңілдету және халықаралық қарым-қатынастарды жандандыру мүмкіндігі барын жоққа шығара алмаймыз. Ол үшін Талибан билігі ішкі реформалар мен адам құқықтарын сақтау бағытында нақты қадамдар жасауы қажет, - деп топшылайды сарапшы.

Перенаселенность Афганистана может стать вызовом для стран Центральной Азии
Коллаж: Canva

Қорыта айтқанда, Ауғанстан Орталық Азияға халық санының өсуі, экономикалық қиындықтар мен көші-қон ағындары арқылы әсер етуі мүмкін. Өз кезегінде Қазақстан бұл жағдайға бей-жай қарамай, экономикалық тұрғыда белсенді байланыс орнатып отыр. Екі ел арасындағы сауда-саттық пен көлік жобалары сәтті жүзеге асса, бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін тұрақтылық пен дамудың кепілі болар еді.

Соңғы жаңалықтар