Ауғанстандағы ұшақ апатынан төрт адам аман қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Алдын ала мәлімет бойынша, Ауғанстанда радардан жоғалып кеткен Falcon 10 ұшағының бортында болған төрт адам тірі, тағы екеуіне қатысты ақпарат нақтыланып жатыр, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

ұшақ
Фото: Wikipedia

«Ресейдің Ауғанстандағы елшілігінің ақпаратына сәйкес жергілікті жердегі іздестіру-құтқару қызметі Falcon 10 ұшағын тапты. Ұшақ бортындағы алты адамның төртеуі тірі (олардың әртүрлі жарақаты бар), екі адамның тағдыры нақтыланып жатыр», — деп хабарлады ведомстводан.

«Талибан» қозғалысы құрған үкімет жанындағы Көлік және авиация министрлігі бұл ақпаратты растады.

«Іздестіру-құтқару тобы кеше 20 қаңтарда радардан жоғалған ұшақты тапты, оның ішінде ұшқышты қосқанда төрт адам тірі», — делінген хабарламада.

Министрліктің нақтылауынша, тірі қалғандарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, Мәскеуге бет алған үнді компаниясының ұшағы Ауғанстанның солтүстік-шығысында апатқа ұшырағанын хабарлаған едік.   

Соңғы жаңалықтар