Ауғанстандағы қақтығыстар мемлекеттік емес, аймақтық мәселе - М. А. Ғани

Әскери қантөгісті тоқтатуға қатысты жасалып жатқан шаралар туралы қойылған сауалға жауап бере отырып, Ауғанстан басшысы бұл қақтығыс ошағы тек бір елдің ғана емес, осы аймақтағы барша мемлекеттердің мәселесі екендігін қадап айтты.
"Ауғанстан әскери қақтығысты тоқтату жолында не істеп жатыр? Біздің қанымыз күнде төгіледі. Күн сайын ауған азаматтары, мектепке бара жатқан әйелдер, соның ішінде Құран тәпсірін оқып жатқан қыздар да өмірден озады. Президенттігімнің әр күні солай өтеді. Таңертең мен жапа шеккендер туралы ақпаратты міндетті түрде аламын. Менің алдымда өте үлкен мәселе тұр. Айналамда алай-дүлей болып жатқанда мен өзімді сабырлықта ұстауға мәжбүрмін", - деді М. А. Ғани мырза. - Қаза болғандарды қарайтын болсақ, онда кімдер бар!? Бізде қытайлықтар, ресейліктер, қазақтар, өзбектер, арабтар, солтүстік африкалықтар, сонымен қатар пәкістандықтар да бар. Бұл мемлекеттік проблема емес, аймақтық мәселе екендігін аңғартады".
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ауған мемлекеттілігін сақтап қалу басты міндет болып отыр.
"Мен "соғыс президенті" болғанды қаламаймын. Бірақ менің ең негізгі міндетім - ұлттық тәуелсіздікті сақтап қалу. Екіншіден, біз орын алған жайтқа сын тақпаймыз ешкімге, біз бұл жағдайдан шығудың жолын ұсынамыз. Күн сайын бізді өлтіріп жатса да, біз осы бітпес шеңберден шығудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Ең оңайы - біреуге кінә арту. Бірақ ең дұрысы - мәселеден шығудың тиімді жолдарын қарастыру", - деп атап өтті Ауғанстан президенті.
Айта кетейік, Мохаммад Ашраф Ғани былтыр Ауғанстан президенті болып сайланды. Әлемнің ең беделді университеттерінің құрметті профессоры атанған М. А. Ғани Азиядағы 50 ең озық білімдарлардың қатарына енеді.