Ауғанстанға гуманитарлық көмек: Арнайы борт Шымкенттен ұшып шығуға әзір
Ауғанстанға жол тартқан гуманитарлық көмектің бір бөлігі әуемен жеткізілетінін бұған дейін жазғанбыз. Сол рейс Астана мен Алматыдан керекті жабдықтар мен дәрі-дәрмекті алып, Шымкентке келіп қонды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Есімжан Нақтыбай.

Шымкент қаласында да Ұлттық ұлан еншісіндегі Y8F200W ұшағына дәрі-дәрмек тиеліп, борт ертеңгі сапарға дайын күйге келтірілді. Сыртқы істер министрлігінің жанындағы "Қазақстан халықаралық ресми даму агенттігі" коммерциялық емес акционерлік қоғамы гуманитарлық бортты дипломатиялық жағынан сүйемелдеуші ретінде бекітілген.
Акционерлік қоғамның бас менеджері Серік Нұржанның айтуынша, Герат провинциясында табысталатын дәрі-дәрмектің тізімі Ауғанстан тарабы сұратқан тізбе бойынша жасақталған. Атап айтқанда, азитромицин, ибупрофен, цефтазидим, парацетамол сияқты ыстық түсіретін, қабынуға қарсы препараттар мен антибиотиктер жеткізіледі. Бұдан бөлек, баспанасыз қалған халыққа пана ретінде төтенше жағдай кезінде пайдаланылатын арнайы шатырлар таратылады.
Борт командирі Құрманғали Топанов осымен үшінші рет гуманитарлық көмек тасуға шығып тұрғанын айтады.
"Ұлттық ұланның арнайы бортына 16 тонна гуманитарлық жүк тиелді. Бұған дейін ақпан айында Түркия мен Сирия мемлекеттеріне гуманитарлық көмек апаруға қатысқанмын. Гуманитарлық сапардың өзге арнайы сапарлардан айырмашылығы – гуманитарлық жүктің тұтас, бүлінбей жетуіне бүкіл команда болып жауап береміз", – дейді Ұлттық ұлан әскери бөлімінің авиациялық жасақ командирі.
Еске салсақ, 7 қазан күні Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясында 6,3 балдық жер сілкінісі салдарынан 2053 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам адам жарақат алды.
Бұған дейін Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсететіні хабарланған еді. Жүктің бір бөлігі әуемен жеткізілсе, бір бөлігі теміржол көлігімен жөнелтіледі. Сонымен қатар Ауғанстанға үйінді астында қалған адамдарды құтқару үшін ТЖМ құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар жіберіледі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, аталған елдегі зілзаладан Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ.
Бұған дейін арнайы борт бүгін Алматыдан Шымкентке ұшып шыққанын жазған болатынбыз.