Ауғанстанға өсімдік майын экспорттау көлемі артып келеді - АШМ
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ауыл шарушылығы министрлігі өсімдік майының экспортына қатысты түсінік берді.
- Өсімдік майы экспортының негізгі көлемі Қытайға (42,4%), Өзбекстанға (35,4%), Тәжікстанға (12,7%), Ауғанстанға (3,2%), Қырғызстанға (1,4%), Латвия мен Түрікменстанға (1,8%) шығарылады. 2024-2025 маркетингтік жылы Ауғанстан бағытына май және тоң май өнімдерінің экспорты көлемі 32,7 мың тоннаға жетіп, алдыңғы маусыммен салыстырғанда 69 пайызға артты, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында өткен Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің қатысуымен аталған ел компаниялары мен «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» арасында жалпы құны 24 млн АҚШ доллары болатын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
- 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы өсімдік майының экспорты 30 пайызға өсті, яғни 451 мың тоннадан 582 мың тоннаға дейін жетті. Оның ішінде күнбағыс майы 30,7 пайызға (364 мың тоннадан 476 мың тоннаға дейін), рапс майы 38,5 пайызға (46,2 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін) артты, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Бұған дейін хабарланғандай, осы жылдың 9 айында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсімдік майының өндірісі 23,3 пайызға өсті (519,4 мың тоннадан 640,5 мың тоннаға дейін), оның ішінде күнбағыс майы 26,7 пайызға (443,5 мың тоннадан 562,1 мың тоннаға дейін), рапс майы 14,3 пайызға (34,1 мың тоннадан 38,9 мың тоннаға дейін).