Ауғанстанның алты провинциясында интернет шектелді

АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстанда интернетті өшіру шарасы жаңа аймақтарды қамтыды. Бейсенбі күні билік елдің шығыс және солтүстік бөлігіндегі тағы бес провинцияда интернетке қолжетімділікті шектегенін хабарлады, деп жазады ABC News.

Ауғанстанның алты провинциясында интернет шектелді
Фото: freepik

Жаңа шектеу Баглан, Бадахшан, Кундуз, Нангархар және Тахар провинцияларына енгізілді.

Ал сейсенбі күні бұл шешім Балх провинциясында күшіне енген болатын.

Ауған билігінің мәлімдеуінше, оптикалық интернет «әдепсіздіктің алдын алу мақсатында» «Талибан» қозғалысының жетекшісі Хайбатулла Ахунзада қабылдаған шешім негізінде тоқтатылды.

«Бұл шара әдепсіздіктің алдын алу үшін қабылданды, халықтың қажеттілігін өтеуге балама жүйе құрылады», — деді үкімет өкілі журналистерге.

Ауғанстандағы БАҚ-ты қолдау ұйымы бұл шешімді айыптап, алаңдаушылық білдірді.

«Талибан басшысының бұйрығымен жасалған бұл әрекет миллиондаған азаматтың еркін ақпарат пен негізгі қызметтерге қол жеткізуін шектеп қана қоймай, пікір білдіру бостандығына және БАҚ жұмысына елеулі қауіп төндіреді», — делінген ұйымның мәлімдемесінде.

Қазіргі таңда алты провинцияда тек мобильді желі жұмыс істеп тұр.

Алайда жергілікті тұрғындар мұндай интернеттің баяу әрі қымбат екенін айтуда.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ауғанстанда үйлену тойындағы бірқатар рәсімге тыйым салынған болатын.

Соңғы жаңалықтар