Ауғанстанның Орталық Азиямен ынтымақтасу ниеті - тарихи мүмкіндік – өзбекстандық сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін Өзбекстанда Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы өзара байланыс жөніндегі Термез диалогының бірінші отырысы басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Ауғанстанның Орталық Азиямен ынтымақтасу ниеті тарихи мүмкіндік – өзбекстандық сарапшы
Фото: Өзбекстанның Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты

Іс-шара «Бейбітшілік, достық пен өркендеудің ортақ кеңістігін құру» тақырыбымен өтіп жатыр. Термез диалогына Орталық және Оңтүстік Азия, Еуропа, ТМД, АҚШ пен Таяу Шығыс елдерінен 200-ге жуық сарапшы, халықаралық және өңірлік ұйым өкілдері, ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары қатысып жатыр.

Аталған іс-шара барысында сөз алған Өзбекстанның Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Элдор Арипов Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтті.

Ауғанстанның Орталық Азиямен ынтымақтасу ниеті тарихи мүмкіндік – өзбекстандық сарапшы
Фото: Өзбекстанның Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты

— Былтыр қос өңір арасындағы тауар айналымы 5 млрд доллардан асты. Алайда, қолда бар әлеует толық пайдаланылмай отыр. Экономикалық ынтымақтастықты сапалы ілгерілету үшін сауда саласындағы кедергілерді жойып, көлік дәліздерін әртараптандыру маңызды, — деді Элдор Арипов.

Сонымен бірге ол Ауғанстандағы жағдайға тоқталып, ресми Кабулдың сындарлы диалогқа ұмтылысын жоғары бағалады.

— Ауғанстан өзгеріске бет алып, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылып келеді. Кабулдың Орталық Азиямен толық интеграциялануға мүдделі болуы ынтымақтастықты бекемдей түсу үшін тарихи мүмкіндік саналады, — деп мәлім етті Элдор Арипов.

Еске салайық, бұған дейін Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы Термез диалогының алғашқы отырысы Өзбекстанда өтетінін хабарлап едік.

Сонымен қатар биыл Орталық Азия мен Еуропа Одағының Экономикалық форумы Өзбекстанда өтеді.

Соңғы жаңалықтар