11:17, 03 Тамыз 2023 | GMT +5
Ауғанстанның сыртқы саясаты экономикалық және сауда ынтымақтастығына негізделген – бизнес-форум
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауғанстан үкіметі халықаралық, аймақтық және жаһандық іскерлік кездесулерге, көрмелерге белсенді қатыса бастады. Бұл туралы Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауғанстан халқы мен үкіметі аймақтық ынтымақтастықты дамытуға және Ауғанстанның мүмкіндіктерін пайдалануға бел буып, гүлденген және өзін-өзі қамтамасыз ететін ел бола алады. Бұл міндет біздің үкімет пен халықтың көп еңбегі мен күш-жігерін қажет етеді», - деді Нуриддин Азизи Астанада өткен бизнес форумда.
Ол Ауғанстанның қысқа уақытта сауда, транзит және инвестиция секілді түрлі саладағы екіжақты және өңірлік өзара іс-қимылдарға белсенді қатыса алғанын атап өтті.
Спикер бұл кездесу екіжақты сауда, транзиттік және инвестициялық келісімдер жасау, Ауғанстан, Қазақстан және Ресей Федерациясы арасында сауда және транзит туралы үшжақты келісімдер жасау арқылы өңірлік қатынастардың артуы мен дамуына бастама боларына үміт білдірді.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, Ауғанстан ислам әмірлігінің сыртқы саясаты аймақтық интеграцияға, экономикалық және сауда ынтымақтастығына негізделген тәуелсіз, теңдестірілген және экономикаға бағытталған саясат екенін мәлімдегім келеді. Және барлық Ауғанстан ведомстволары осы мақсатқа жету үшін үздіксіз еңбек етуге дайын.Тарихта Ауғанстан мәдени және коммерциялық алмасу қақпасы болды, ал қазір Ауғанстан үкіметі жеке сектормен тығыз ынтымақтастықта Ауғанстанның халықаралық, аймақтық және жаһандық іскерлік кездесулерге, көрмелерге қатысу арқылы бұрынғыдан да маңызды рөл атқаруына ұмтылуда», - деді ауғанстандық министр.
Н.Азизи Ауғанстанның геоэкономикалық жағдайы Ауғанстан мен аймақтың игілігі үшін тиімді пайдаланылады деп үміттенеді.
«Әуе дәлізін құру, екі ел аумағында банктеріміздің өкілдіктерін ашу, кәсіпкерлер үшін виза беру пункттерін құру, іскерлік кездесулер, көрмелер мен конференциялар өткізу, ортақ кеңістік құру, Қазақстанға жүк тасымалдау мерзімдерін қысқарту және Қазақстан Республикасынан сауда мен транзит кедергілерін жою бұл мәселені шындыққа жақындатады. Біздің ойымызша, көптеген елдегі адамдардың экономикалық өсуі мен өмір сүру сапасын арттырудың маңызды себебі олардың өнеркәсіптік дамуына байланысты. Осы сектордың маңыздылығын түсіне отырып, Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрлігі оның арттыруды өз басымдығына айналдырды», - деді Нуриддин Азизи.