Ауыл балалары қашанғы шағын алаңның шаңын жұтады

ауылдағы спорт
Коллаж: Kazinform/Egemen.kz/freepik/Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі жылдары ауылды аяққа тұрғызу мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр. Әйтпесе, жастардың барлығы дерлік қалаға ағылып, қара шаңырақты күзетіп зейнеткерлер қалғаны жасырын емес. Ауылдағы ағайынның тұрақтап қалуына тұрақты жұмыспен қатар, спорттық нысандардың салынуы да маңызды екені анық. Бұл сауалды ҚР Туризм және спорт министріне жолдадық.

«Биыл ауылдық жерлерде 133 спорт нысанын салу (реконструкциялау) және 43 спорт нысанды жөндеу (ағымдағы және күрделі) жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта ауылда 14 458 спорт объектісі бар», - делінген министрлік өкілінің агенттік тілшісіне берген жауабында.

Ауыл тұрғындарын әңгімеге тартсаң, ауыл балаларының қазақ күресіне, боксқа қызығушылығы бар екенін алға тартады. Бірақ, арнайы жаттығатын жер жоқ. Амалсыздан мектептің спорт залын шаңдатуға мәжбүр.

«Байқаймын, көп ауылда шағын футбол алаңдары салынып жатыр. Кейбірі демеушілік есебінен бой көтереді. Спорт нысаны деген ұғым тек шағын футбол алаңына қатысты емес қой. Неге шағын болса да күрес, боксқа арналған жаттығу нысандарын тұрғызбасқа? Таңнан кешке дейін ауыл балалары доп тепкенге бұқаралық спортты дамытып жатырмыз деу дұрыс емес», - дейді Павлодар облысы Бірлік ауылының тұрғыны Ерлан Жакеев.

Әлеуметтік желілерден кейбір шағын футбол алаңдарының көп ұзамай тоз-тозы шыққанын аңғаруға болады. Оны жөндеуге қаражаттың жедел бөлінуі екіталай. Себебі, өзге ауылдар «шағын алаң салып берер» деп кезек күтіп тұр.

«Шағын футбол алаңына ауылдың жігіттері болып күтім жасаймыз. Көктемде қоршаудың ажыраған сымдарын дәнекерлейміз. Қаражат жинап, қақпаға тор, доп сатып аламыз. Ауыл әкімдігі де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп тұрады. Десе де, алаңның жабындысын қалпына келтіру біздің қолдан келе қоймас. Бұған әкімдік көмектесер деген ойдамыз. Ал, қалған шаруаны ауылдың азаматтары шама-шарқынша реттеп жатырмыз», - дейді Бірліктің тағы бір тұрғыны Самат Әлімбетов.

Бүгінде көптеген ауылда шағын футбол алаңы бар. Сапасы жайлы – бөлек әңгіме. Бір қуанарлығы, ауылдың кіші-жасы күні-түні алаңда доп теуіп, бос уақытын тиімді өткізеді. Ал өкініштісі сол, тұрғындар өзге де спорт нысандарының салынғанын қалайды. Әрине, халқы аз ауылға алып ғимарат керек емес. Шағын болса да жеткілікті. Бұған ҚР Туризм және спорт министрі не дер екен?

Соңғы жаңалықтар