«Ауыл — ел бесігі»: Павлодарда 15 ауыл жаңарады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңір бойынша «Ауыл — ес бесігі» бағдарламасын өміршең етуге 9,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 56 жобаны жүзеге асыруға жеткілікті.

Бұл туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук хабарлады
— «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде халық саны 21 мың адамнан асатын 15 ауылды жаңғырту жоспарланған. Жалпы құны 9,1 млрд теңге болатын 56 жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың 12-сі аяқталды. Тағы 15-і аяқталу кезеңінде, — дейді басқарма басшысы.
Бұған қоса өңірде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» сияқты ұлттық жобаларға баса назар аударылған. Биыл жалпы сомасы 7,7 млрд теңге болатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр. Нақтырақ айтқанда, балалар және спорт алаңдарын орнату, көшені жарықтандыру, жылу және сумен қамту нысандарын реконструкциялау, саябақтар мен аулаларды абаттандыруға бағытталады.
Еске сала кетейік, демеушілер павлодарлық жедел жәрдемге 45 млн теңге тұратын инкубатор сатып әперді.