«Ауыл» партиясы жылды қорытындылады

АСТАНА. KAZINFORM — 22 желтоқсанда Астанада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы және «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен партия құрылымдарының 2025 жылғы қызметін қорытындылауға арналған есептік семинар-кеңес өтті.

«Ауыл» фракциясы
Фото: «Ауыл» фракциясы

Партия баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, іс-шараға Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының депутаттары, 20 өңірлік филиалдың басшылығы мен партия белсенділері қатысты. 

— Өтіп бара жатқан жыл біздің партия үшін ең жемісті жылдардың бірі болды. Біздің күш-жігеріміздің арқасында мыңдаған іс-шара жүзеге асырылды. Осы жұмыстың нәтижесінде азаматтардың партияға деген сенімі артып, ниеттес жандардың қатары көбейді. Бұл — қарапайым халықтың шынайы ризашылығының көрінісі, — деп атап өтті «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.

Семинар-кеңес барысында есепті кезеңдегі партияның саяси және ұйымдастырушылық қызметіне кешенді талдау жасалды. Өңірлік құрылымдар жұмысының тиімділігі, депутаттық корпустың бастамалары, азаматтармен кері байланыс орнату тетіктері, сондай-ақ партиялық жобалардың іске асырылу барысы жан-жақты қаралды.

«Ауыл» фракциясы
Фото: «Ауыл» фракциясы

Кеңес аясында «Ауыл» партиясы мен Жұмабек Жанықұлов төрағалық ететін «PARYZ» жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы арасында стратегиялық ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімі өтті. Бұл келісім отандық кәсіпкерлікті қолдау және шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту үшін практикалық платформа қалыптастырады. Тараптар еңбек қатынастарын нығайту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу жолында күш біріктіреді, бұл — қазақстандық ауылды дамытудың басты басымдығы.

Партияның дамуына және қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау шараның ерекше салтанатты сәтіне айналды.

Көпжылдық адал еңбегі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін келесі азаматтарға мерейтойлық марапаттар берілді:

  • Тұрмұхамбетова Анар Ақылбекқызы — «Астана медицина университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы, ректоры;
  • Мұқатов Қажғали Сипулович — Генерал-майор, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері;
  • Асанов Бауржан Конирбаевич — «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы;
  • Қаныбеков Сәкен Әсембекұлы — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы;
  • Әбдірахманова Сания Әлишқызы — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының Басқарма төрағасы және басқалар.
«Ауыл» фракциясы
Фото: «Ауыл» фракциясы

Жиын барысында партия төрағасының орынбасарлары өздері жетекшілік ететін әрбір бағыт бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндама жасады. Спикерлер 2025 жылғы партиялық жобалардың нақты көрсеткіштерін саралап, Орталық аппарат пен өңірлік құрылымдардың өзара іс-қимылын күшейту бойынша ұсыныстарын жеткізді.

«Ауыл» фракциясы
Фото: «Ауыл» фракциясы

Семинар-кеңес қорытындысы бойынша партияның келесі жылға арналған саяси стратегиясын айқындайтын бірқатар ұсыным қабылданып, өңірлерге нақты тапсырмалар жүктелді. Қабылданған шешімдер партия қызметінің тиімділігін арттыруға, халықпен өзара іс-қимыл сапасын жақсартуға және жалпыұлттық басымдықтарды іске асырудағы «Ауыл» партиясының жауапкершілігін одан әрі нығайтуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар