Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл форвардтық сатып алуға қанша қаржы бөледі

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК субъектілерінен алдын ала төлем жасау арқылы өнім сатып алуға 30 млрд теңге бөледі. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына ведомство жауабында айтылған.

фермер субсидия
Коллаж: Kazinform

— Биыл «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ форвардтық сатып алу бойынша жұмысын жалғастырады. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларды қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Осы мақсатта келесі дақылдарға 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр: 3-сыныпты бидай, қатты бидай, 2-сыныпты арпа, майлы зығыр тұқымы, күнбағыс, рапс, - делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, өтінім беру үшін тұқымның бар екенін растау немесе оларды сатып алғанын растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Тиісті талапқа сай АӨК субъектілеріне алдын ала төлем ҚҚС есебімен мынандай бағамен беріледі:

- жұмсақ және қатты бидай – 50 000 теңге/тонна;

- арпа – 40 000 теңге/тонна;

- күнбағыс – 80 000 теңге/тонна;

- майлы зығыр және рапс тұқымдары – 90 000 теңге/тонна.

Форвардтық келісімшарттардың талаптары бойынша, қаражат ауыл шаруашылығы кәсіпорнына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациядан, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ немесе екінші деңгейдегі банктен кепілдік жасалғаннан кейін ғана беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ мен шаруалар арасындағы форвардтық сатып алу келісімшартын қайта қарауды ұсынған еді. Оның айтуынша, келісімнің қазіргі нұсқасы нарық талабына жауап бере алмай отыр.

 

Соңғы жаңалықтар