Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілетін субсидия көлемі өсті
Өзекті мәселелердің бірі - агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жұмсаған шығыстарын өтеу. Себебі, бұл шығындарды субсидиялау үшін құн лимиттері инфляцияға және Қазақстан нарығына жеткізілетін ауыл шаруашылығы техникасы бағасының айтарлықтай өсуіне қарамастан бірнеше жыл бойы қайта қаралмаған, деп хабарлайды Kazinform.

Осыған байланысты, Бас прокуратураның бастамасымен уәкілетті орган субсидияларды есептеу үшін шекті жол берілетін құнды және нарықтағы қолданыстағы бағаларға байланысты нормативтерді нақтылады.
«Мысалы, доңғалақты тракторлардың ең жоғары құны қозғалтқыштың қуатына байланысты 7-ден 204 млн теңгеге дейін (бұрын 4-тен 105 млн теңгеге дейін болған) екі есеге ұлғайтылды.
«Ауыл шаруашылығы техникасын, машиналары мен жабдықтарын сатып алу» жобасының паспорты бойынша құндық лимиттер ауыл шаруашылығы техникасының 35 позициясы бойынша жаңартылды.
«Басымды ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын сатып алу» паспортына техниканың 23 түрі қосылды (трактор тіркемелері, сепкіштер, егіс кешендері, шөп шабатын машиналар, бүріккіштер және т. б.).
Қант қызылшасын өндіру техникасы бойынша қант саласын дамыту бағдарламасы шеңберіндегі норматив рұқсат етілген құны 160 млн теңгемен (бұрын 80 млн теңгені құраған) 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылды.
Енгізілген өзгерістер фермерлердің өндірістерді және машина-трактор паркін жаңартуға қолжетімділігін едәуір арттырады», — деп жазды Бас прокуратурадан.
Аталған және басқа да инновациялар ағымдағы жылғы 10 желтоқсанда күшіне енеді.
Оларды қолдану мәселелері бойынша уәкілетті орган — Ауыл шаруашылығы министрлігіне, ал бизнес субъектілерінің құқықтары бұзылған жағдайда — прокуратура органдарының бизнесті және инвесторларды қорғау жөніндегі Call-орталықтарына (телефон нөмірлері прокуратура сайттарында көрсетілген) жүгіну қажет.