Ауыл шаруашылығы санағы кезінде қандай сұрақтар қойылады
АСТАНА. KAZINFORM — 1-31 тамыз аралығында Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының бірінші кезеңі өтеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.

Осы уақыт аралығында барлық қатысушы sanaq.gov.kz сайтында онлайн форматта санақтан өте алады.
Өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен немесе балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтары 2-АШК/ШФҚ санақ парағын толтыруы тиіс. Бұл сауалнама тоғыз бөлімнен тұрады және 29 сұрақты қамтиды. Онда жер учаскелерінің көлемі, олардың қалай пайдаланылып жатқаны, суару тәсілдері, жердің меншікке немесе жалға алынғаны туралы мәліметтер көрсетілуі керек.
Бақша егетін немесе мал мен құс ұстайтын үй шаруашылықтары да санаққа қатысады. Олар үшін 3-ЖҚШ сауалнама парағы қарастырылған. Бұл сауалнамада қандай дақылдар өсірілетіні, қанша мал мен құс ұстайтыны, жайылымдарды қолданатыны, мал ұстауға арналған құрылыстардың бар-жоғы, сондай-ақ өнімнің сатылатыны немесе жек тұтынуға пайдаланылатыны туралы мәлімет беріледі. Үй шаруашылықтарына арналған сауалнама 8 бөлімнен және 22 сұрақтан тұрады.
Еске сала кетейік, барлық ұсынылатын ақпараттың құпиялылығы сақталады, деректер «Мемлекеттік статистика туралы» заңымен қорғалады және салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.
Санақ аясында Бюро еліміз бойынша шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы ұйымын және 2 млн үй шаруашылығын қамтуды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін ауыл шаруашылығы санағына дайындық шаралары шеңберінде үй шаруашылықтарын алдын ала аралау (листинг) кезеңі аяқталғанын жазған едік. Стат бюроның дерегінше, республика бойынша бір ай ішінде 70 қалада тиісті жұмыстар жүргізілген. Осы уақыт ішінде Ұлттық статистика бюросының интервьюерлері 300 мыңнан астам үйді аралап, шаруашылықпен айналысатындардың мекенжайын нақтылаған болатын.