Жамбыл облысында ауқымды дала семинары өтті
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында «Ауыл шаруашылығын дамыту» тақырыбында дала семинары өтті.

Семинар Президенттің Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты берген тапсырмаларын талқылауға және оларды іске асыру жолдарын айқындауға арналды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтіп, шаруаларға мемлекеттік қолдаудың тетіктерін кеңінен түсіндірді.
– Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына жіті көңіл бөлініп, ветеринария саласына жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Мал дәрігерлері қызметтік көлікпен қамтылып, ветеринариялық пункттердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр, – деді министр.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін алға тартып, ең негізгі міндеттерге тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп отыр. Алда бізді егістікті цифрландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, егіс алқаптарын әртараптандыру, суармалы жерлердің көлемін арттыру, минералды тыңайтқыштарды енгізу және шаруаларды жоғары өнімді тұқымдармен қамтамасыз ету сынды ауқымды міндеттер күтіп тұр. Ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызын ескерсек, заманауи ғылыми жетістіктерді тиімді пайдалану – аса маңызды, – деді Ербол Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, биыл 48,2 млрд теңге бөлінді, 3,4 мың шаруаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. І тоқсан қорытындысында 38 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 4,1 млрд теңге инвестиция тартылды.
Басқарма басшысы көктемгі дала жұмыстары, минералды тыңайтқыштарды қолдану, су үнемдеу технологияларын енгізу, техникаларды жаңарту және өзге де бағыттар туралы баяндады.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева шаруалармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екенін жеткізсе, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев тұқым шаруашылығын дамыту жөнінде бастама көтеріп, нақты бағыт-бағдарын ұсынды.


Семинар соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, облыс әкімдігінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар салтанатты түрде табысталды.
Семинар аясында көрме өтіп, «QazMeatExport» шаруа қожалығының егістік алқабы көрсетілді.
Айдарбек Сапаров жаңа типтік үлгіде салынған ветеринариялық пункті аралап, тәулігіне 144 мың тауық етін өңдейтін комбинаттың құрылыс барысын көрді. Аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларын бақылады.
Облыста 40 ветеринариялық пунктің құрылысы жүріп жатыр.