Ауыл шаруашылығында статистиканың бұрмалануына жол бермеу үшін не істелінбек

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде өсімдік шаруашылығындағы өнімді қадағалау ақпараттық жүйесі іске қосылады. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті.

ауыл шаруашылығы санағы
Коллаж: Kazinform/Freepik/Pexels

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы агроөнеркәсіптік кешендегі бұрмаланған статистикалық деректерді ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мал шаруашылығында 2 млн ірі қара, 3,2 млн ұсақ мал және 3 млн тонна сүт пен басқа да өнімдер, өсімдік шаруашылығында 1,7 млн тонна картоп пен 315 мың тонна пияз есептен шығарылды. Жаңартылған деректер ішкі нарықты реттеу бойынша шешімдер қабылдау мен жоспарлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жалған көрсеткіштердің қайталануының алдын алу үшін ауыл шаруашылығы саласында өнімді есепке алу және қадағалау бойынша ақпараттық жүйелер енгізіліп жатыр. Осыған орай, өсімдік шаруашылығындағы өнімді қадағалау ақпараттық жүйесі, оның ішінде астық бойынша жүйе әзірленді. Жүйені іске қосу 2025 жылға жоспарланған. Бұл жүйе «егістен сөреге дейін» қағидаты бойынша өсімдік шаруашылығы өнімдерді есепке алу мен мониторинг жүргізу процестерін автоматтандыруға бағытталған. Жүйе өндіріс, сақтау, тасымалдау және өткізу кезеңдеріндегі ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді, - деді министрліктен агенттік сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың басынан бастап, Ақмола облысында өсімдік шаруашылығындағы өнімді қадағалау ақпараттық жүйесін пилоттық режимде енгізу жұмыстары басталды. Пилоттық жоба сәтті аяқталғаннан кейін ол Қазақстанның барлық өңіріне енгізілмек.

статистика
Фото: freepik.com

Сонымен қатар министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 1 тамыз бен 20 қазан аралығында ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу көзделгенін атап өтеді.

- Жалпы, ауыл шаруашылығы санағы еліміздегі ауыл шаруашылығының жай-күйі мен даму үрдістері туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік аграрлық саясаттың тиімділігін арттырып, бизнес пен халық үшін шешім қабылдауға негіз болатын сенімді дереккөзіне айналады. Саладағы статистикалық деректердің бұрмалану мәселесін жүйелі шешу үшін Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 18-тармағына сәйкес, арнайы Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Онда мал және өсімдік шаруашылығындағы статистикалық деректердің шынайылығын қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеуге ықпал ететін жүйелі шаралар көзделген, - деді министрліктен.

Өткен жылдың маусымында Парламент Мәжілісінде өткен мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу тақырыбына арналған Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров біраз жылдар бойы мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да статистикалық деректер бұрмаланып келгенін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар