Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін не істеліп жатыр

ауыл
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 500-ден астам ауылда 1,4 мың жоба іске асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

«Жалпы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және Өңірлік стандарттармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, бірқатар жүйелі іс-шара қабылдауда. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Үкімет Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады және іске асыруда. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған. Тұжырымдамада базалық қызметтер көрсетудегі диспропорцияларды қысқарту, ауыл халқының табыс деңгейін арттыру, шекара маңындағы аумақтарды дамыту және ауылдарды дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүйелеу жөніндегі негізгі бағыттар айқындалған», - деді министр.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, 2023 жылы орталық және жергілікті атқарушы органдар тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес кешенді шараларды іске асырды. Мәселен, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 194 млрд теңге сомасына 771 ауылда 1,8 мың жоба іске асырылды. Бұдан бөлек 113 млрд теңгеге 4,9 мың сумен жабдықтау және су бұру объектілері салынды, 85 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілері құрылды. 176 ауыл Wi-Fi hotspot технологиясына қосылды және Starlink спутниктік жүйесін пайдалана отырып, шалғайдағы ауылдық мектептерді интернетке қосу бойынша пилоттық жоба басталды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 79 млрд теңгеге 12,7 мың жеңілдетілген шағын несие берілді.

«Облыстардың ерекшелігіне сәйкес ауылдық аумақтарды дамыту бойынша жол карталары бекітілді. Ауылдық жерге жас мамандарды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредит мөлшері 1 500-ден 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды және басқа да іс-шаралар іске асырылды. Ауылдық жерлерде инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жөніндегі басты құралдардың бірі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру болып табылады. 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен жалпы бағдарлама бойынша 524 млрд теңге бөлініп, 1,8 мың тірек және спутниктік ауылдарда 5,4 мыңнан астам жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 578 нысанды, 1,7 мың әлеуметтік нысанды және 3 мыңнан астам ауылішілік жолдарды салуға және жөндеуге мүмкіндік берді. Бағдарлама бойынша биыл республикалық бюджеттен 179 млрд теңге бөлініп, 500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны іске асыру жоспарлануда», - деді Нұрлан Байбазаров.

Соңғы жаңалықтар