Ауылда баспана салу шығындарын субсидиялау қағидаларына өзгеріс енгізіле ме – Бектенов жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттары жұмыс берушілердің ауылдық жерде қызметкерлеріне тұрғын үй салу шығындарын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынған еді. Осы ұсынысқа Премьер-Министр Олжас Бектенов жауап берді.

- Бүгінгі таңда ауылдарда тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 5 тамыздағы № 289 бұйрығымен ауылда, кентте, ауылдық округте жалдамалы тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларына елді мекеннің орналасу қашықтығы (кемінде 30 шақырым) туралы талапты алып тастау бөлігінде өзгерістер енгізілді. Осылайша, Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 2028 жылға дейін жыл сайын 200 тұрғын үй құрылысына жұмсалатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға 1 млрд теңге сомасында қаржыландыру қолдау тапты, - деді Үкімет басшысы депуаттық сауалға берген жауабында.
Сонымен қатар ол түзетулер қабылданған сәттен бастап Шығыс Қазақстан (жалпы сомасы 55 млн теңгеге 11 тұрғын үй), Қызылорда (10 млн теңге сомасына 2 тұрғын үй), Батыс Қазақстан облыстарының (5 млн теңге сомасына 1 тұрғын үй) әкімдіктері уәкілетті орган мақұлдаған әлеуетті қатысушылардан 14 өтінім енгізгенін атап өтті.
- Жалпы, ауылда тұрғын үй құрылысына арналған шығындарды субсидиялаудың қолданыстағы қағидалары 75-тен 100 шаршы метрге дейінгі аумақтағы тұрғын үй құрылысына жұмсалатын шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта қызметкерлер үшін балама ретінде басқа да тұрғын үй бағдарламалары бар екенін қосымша атап өтеміз. Осылайша, ауылдық жерлерде тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында 2024 жылғы 5 маусымынан бастап, «Отбасы банк» АҚ-тың «Асыл мекен» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ 2024 жылғы 1 мамырдан бастап іске қосылған «Наурыз» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерде қайталама нарықта тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік бар. Үкімет ауылдық жерлердегі қызметкерлер үшін тұрғын үй құрылысына жұмсалатын жұмыс берушілердің шығындарын өтеу бойынша түбегейлі шаралар қабылдағанын ескере отырып, қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізуге әлі ерте деп есептейміз, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, таяуда Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Үкіметке ауыл, аудан тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5%-ға дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10%-дан басталатын жеңіл ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынған еді.