Ауылдарда 228 медициналық нысан салынып жатыр — депутат

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауға түсіп, саяси додада жеңіске жеткеніне бір жыл толғанын еске салды, деп хабарлайды Kazinform.

Гүлдара Нұрымова
Фото: Қазақстан Республикасының Парламенті

Халық қалаулысының пайымынша, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мойнымызға жүктелген маңызды міндет, тиянақты тапсырма болды. Байыпты бағдарлама лайықты бағаға ие болып, сан салаға серпін берді.

«Соның бірі медицина саласы мен оны қамтамасыз ету бағыты болды. Бұл ретте ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру көзделді. Бұл мақсатта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді.

Бүгінде ұлттық жоба аясында 13 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы аяқталды. 86 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде», — деді Гүлдара Нұрымова

Ол 13 заманауи перинаталдық орталық құру, онкологиялық орталықтарды салу және жаңғырту, ауылдық жерлерде 228 медициналық объект салу бойынша жобалар іске асырылып жатқанын да атап өтті. Ауылда медициналық кадрларды қолдау және даярлау бойынша жағдайлар жасалуда.

«2023 жылдың 9 айында қашықтықтан көрсетілген медициналық қызметтер нәтижелі болды. Оның ішінде телемедициналық консультациялардың саны 687 453-ті құрады.

Жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңеюде. Бүгінде қалалар мен ауылдық жерлерде 138 жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді. 2023 жылдың 9 айында 620 652 адам осы орталықтардың қызметімен қамтылды.

Қорыта айтқанда медицина саласында маңызды жобалар жүзеге асып келеді. Бұл — Президентіміздің сара саясаты мен сайлауда берген уәдесі межелі уақытта орындалып жатқанын көрсетеді. Біржылдыққа нақты нәтиже, жетелі жетістікпен жетіп отырмыз», — деді депутат. 

Гүлдара Нұрымова көпшілікті Президентті қолдап, ары қарай мемлекеттік саясатты іске асыру жолында аянбай қызмет етуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар