Ауылдарда адам санын сақтап қалу – стратегиялық мақсат – Сенат төрағасы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір елімізде қала халқының үлесі 62 пайызға жеткен. Бұл туралы Сенатта демографиялық өсу тақырыбына арналған Үкімет сағатында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
«Жалпы, қазір Қазақстанда халық санының өсу қарқыны көңіл қуантады. Былтыр қараша айында елімізде халық саны 20 миллионға жеткені белгілі. Шын мәнінде, демографиялық өсу – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетігі. Осыған орай Президентіміздің тапсырмаларын орындау аясында Көші-қон саясаты және Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамалары қабылданды. Бұл құжаттар еңбек мобильділігін дамытуға, сапалы инфрақұрылымды қалыптастыруға және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталып отыр. Сондай-ақ, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының жобасына да бірқатар нақты шаралар енгізілді. Енді мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі аясында олардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету қажет», - деді М.Әшімбаев.
Сенат төрағасы қарқынды демографиялық өсу әлеуеті зор мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
«Елімізде халық санының үштен бірі жастар. Орташа жас деңгейі – 32 жас. Қазіргі таңда мемлекет бала тууды ынталандыруға арналған әлеуметтік міндеттемелерді жоспарлы түрде іске асырып келеді. Көпбалалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақылар мен арнайы жәрдемақылар да төленеді. Президентіміздің тапсырмасы бойынша биыл «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске асырыла бастады. Халық саны өскен сайын тиісті деңгейде орта және жоғары білім беру, сондай-ақ, медицина жүйесін дамыту қажет екені түсінікті. Уақыт өткен сайын біздің азаматтардың өмір сүру ұзақтығы да артып келеді. Бұл да оң үрдістердің бірі. Ұлттық статистиканың деректеріне сәйкес, 1991 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 6,8 жылға артқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 74,4 жас болды», - деді ол.
Оның пайымынша, осындай өзгерістер еліміздегі зейнетақы жүйесіне, жалпы, әлеуметтік қамсыздандыру саласына да әсер ететіні анық.
«Демографияға қатысты тағы бір маңызды үрдіс урбанизация екені белгілі. Ұлттық статистиканың мәліметтері бойынша, қазірдің өзінде қала халқының үлесі 62 пайызға жеткен. Алайда Қазақстандағы урбанизация деңгейі жан басына шаққандағы кіріс көлемі ұқсас елдерден шамамен 10 пайызға қалып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы орта мерзімді уақытта Орталық Азия өңірінде қала халқының өсуі жалғаса береді деп болжап отыр. Әрине, бұл үрдіс қалаларда жұмыспен қамтудың және баспананың қолжетімділігін қамтамасыз етудің өзектілігін арттыра түседі. Сонымен қатар ауылдық аумақтарды да дамытуды ұмытпауымыз керек. Ауылдарда адам санын сақтап қалу да – стратегиялық мақсат. Осы тұрғыдан келген кезде, «Ауыл аманаты» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Шағын несиелердің арқасында ауылда 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды», - деді Мәулен Әшімбаев.