Ауылдарда шағын өнеркәсіптік алаңдар құрылады
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 3 жылда «Ауыл аманаты» жобасына 450 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
- Үкімет ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бүгінде елімізде 6 124 ауыл бар. Онда 7,5 млн. адам тұрады. Ауылдық инфрақұрылымды жаңғыртудағы негізгі бағдарламаларының бірі - «Ауыл – Ел бесігі». Бағдарлама іске асқаннан бастап, республикалық бюджеттен 2,5 мың ауылдарға 874 млрд теңге бөлінді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 631 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілері салынды. Келесі жылы көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жалғастырылады. Бұл шамамен 4 млн ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметтермен қамтуға мүмкіндік береді, - деді вице-премьер.
Оның айтуынша, Ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба басталғаннан бері республикалық бюджеттен 146 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 18 мың астам шағын несие берілді, 20 мың жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
- Келесі үш жылдықта 450 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Жобаның жаңа тәсілдері әзірленіп, қаржыландырудың басым бағыттарына ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлері енгізілді. Өндірілген өнімді сақтау және қайта өңдеу жағдайларын жасау үшін Шағын өнеркәсіптік алаңдар құрылады. Бұл шаралар ауыл экономикасын әртараптандыруға ықпал ететін болады, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Вице-премьер жас мамандарды ауылға тарту мақсатында 52 мыңнан астам маманға «Дипломмен ауылға» жобасымен тұрғын үй сатып алуға 200 млрд теңге берілгенін айтты.
- Бұдан басқа, соңғы екі жылда 460 медициналық маманға 8,5 млн теңгеден біржолғы төлемдер берілді, - деді ол.
Бозымбаев өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқартатын шараларды атады.