Ауылдарда тоғызқұмалақ ойнайтындар азайып барады

арыстан қапаев
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Тоғызқұмалақ ойыны бойынша қаңтар айының 19-ында Павлодарда блиц пен рапидтен, ақпанда Алматыда классикалық жүйеден ҚР чемпионаттары, сәуірде Түркияда әлем чемпионаты, қыркүйекте Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Бұл байрақты бәсекелерге былтырғы жылды табысты аяқтаған павлодарлық спортшылар білек сыбанып, дайын отыр деп хабарлайды Kazinform.

2023 жыл Ертіс-Баян өңірінің тоғызқұмалақшылары үшін табысты өрілді. Жекелеген спортшылардың жетістігін былай қойып, командалық жарыстарда жергілікті ойыншылардың аты озды.

Ақтөбеде өткен соңғы ел біріншілігіндегі рейтингте Павлодар облысы жалпы есепте бірінші орынға шығып, жеңіс тойын тойлады.

Нәтижесінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары дәрежедегі ұлттық төреші, Павлодар облысындағы тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Арыстан Қапаев еліміздің төрт дүркін үздік бапкері атанып, республикалық «Алтын тұғыр» сыйлығымен марапатталды.

арыстан қапаев
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Бапкер бұл жетістігін шәкірттерінің еңбекқорлығы деп бағалайды.

— Өткен жылы ересектер арасында Ж.Қаймолдин, Р.Керейбаев, Ж.Баялдашева Қазақстан біріншіліктерінде жүлдегер атанса, жастарымыз А.Егінбай, Е.Әутәліпов және өзгелері алғашқы орыннан көрінді. Ойыншыларымыз С. Ағытаев, Н.Ахметов Қазақстан мен Азия біріншіліктерінде, әлем чемпионатында ел қоржынына жүлде салса, 15 жасар Т.Сапар Қазақстан мен Азияның біріншіліктерінде және әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Өзге де ойыншыларымыздың жетістіктері жетерлік. Командалардың ұпайын есептейтін тоғызқұмалақ кодексінің рейтингінде Павлодар облысының командасы ел кубогында 1-орынға шықты. Жалпыкомандалық ойындарда қыздарымыз ел біріншілігінде чемпион, бозбалалар 2-орыннан көрінді. Осы жетістіктердің барлығы түптеп келгенде бізді көшбасшылар қатарынан көрсетіп отыр, -дейді А.Қапаев.

Ресми статистикаға сүйенсек, облыста 2000-нан астам оқушы тоғызқұмалақпен тұрақты шұғылданады.

Ертіс пен Аққулы, Успен аудандарында, Павлодар, Екібастұз бен Ақсу қалаларында зияткерлік ойынымыз тәуір дамып отыр.

Ал Тереңкөл, Ақтоғай аудандары мен Екібастұздың ауылдық аймағындағы ойыншылардың деңгейі керісінше түсіп кеткен.

Мұның себебін А.Қапаев былай деп түсіндіреді:

— Соңғы жылдары кейбір ауылдық жерлерде тоғызқұмалақ ойнайтындар айтарлықтай азайып кеткенін байқаймыз. Себебі қазіргі күні ауылдық аймақтарда тоғызқұмалақ ойынын меңгерген бапкерлер аз. Болғанның өзінде үйірмелерге бөлінетін сағат өте аз. Мектептер зияткерлік ойынға сағат бөлгісі келмейді. Аудандарда тоғызқұмалақ тақталары тапшы. 2000-шы жылдардың басында ойнап келген пластик тақталардың өзі жоқ. Қазір барлық мектеп ағаштан жасалған тақталарға көшкен. Ондай бұйымдар ауылдарымыздың көбіне арман болып тұр. Бір ғана мысал айтайын, 2022 жылы ауылдардағы тоғызқұмалақшылар арасында ел чемпионаты өтті. Сонда Павлодар облысының командасы турнир кестесінің ең соңынан көрінді. Міне, біздің ауылдағы тоғызқұмалақ ойынының шынайы бейнесі осы! Түптеп келгенде, ұлттық ойынымыз көбіне қала мектептерінде ғана кеңінен дамып, ауыл спорты кенде қалып жатыр, -деп қынжылады ол.

Осы уақытқа дейін Арыстан аға 5 әлем чемпионын, әлем біріншіліктерінің 3 жүлдегерін баптап шығарды.

Шәкірттерінің алды бүгінде жаттықтырушылықпен айналысып жүр. Соның бірі — тоғызқұмалақтан облыстың бас бапкері Жанат Қаймолдин. Ол — халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Жанат Қаймолдин
Фото: кейіпкердің жке архивінен

Өткен жылы Азия чемпионаты мен Қазақстан біріншілігінде классикадан бірінші, блицтен екінші орындарды ұтып алды.

Жанаттың өзі тоғызқұмалақпен 1996 жылдан шұғылданады.

тоғызқұмалақ
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Жанат Қазақстандағы үздік ойыншы ретінде 2013 жылы және араға он жыл салып 2023 жылы «Алтын тұғыр» сыйлығымен марапатталды.

Жанаттың өзі осы уақытқа дейін жүздеген шәкірт тәрбиеледі.

***

тоғызқұмалақ
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Негізі тоғызқұмалақ Павлодар жерінде ерте заманнан жақсы дамыған. Ұлылар дәуірінен жеткен зияткерлік ойын Алаш арыстары арасында да танымал болғаны мәлім.

Бір деректерде академик Қаныш Сәтбаев Қарсақпайда әлдебір ұстаға тақтасын арнайы ойғызып жасатып, алғаш рет мектепте тоғызқұмалақтан жарыс өткізгені айтылады. Кеңес өкіметі жылдары тоғызқұмалақ ұмыт қалған жоқ.

Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану музейінде Успенка ауданы Тобылжан ауылында туған Әбдікәрім Есалиновтың (1870-1965 жж.) өз қолымен жасап шығарған тоғызқұмалақ тақтасы сақталған.

Павлодар қаласында 1967 жылы тоғызқұмалақ ойынынан «Еңбек» атты тұңғыш чемпионат өтті.

Сайысты ұйымдастырған «Қызыл ту» (қазіргі Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы») газетінің қызметкері еді.

1987 жылдан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде тоғызқұмалақ ойыны қолға алынып, оқушылар мен жасөспірімдер арасында жарыстар өткізіле бастады.

Тоғызқұмалақ ойыны тек Павлодар қаласында ғана емес, сонымен қатар облысқа қарасты аудандарда да қарқынды дамыды.

Атап айтар болсақ, Аққулы, Баянауыл, Ертіс, Тереңкөл, Успен, Май аудандары. Аққулы ауданындағы Қарақала ауылындағы тоғызқұмалақ бапкері Исатай Капаев (1940-1985 жж.) ұлттық ойынды қайта жаңғыртуға көп үлес қосты.

Ол тек қана аудан көлемінде ғана емес, республикалық жарыстарға да қатысып отырды. 1985 жылы оның шәкірті Серік Махмұтов республика деңгейіндегі үздік ойыншы жүлдесіне ие болды.

1999 жылдан бастап Павлодар қаласында № 3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды.

Сол уақыттан бері павлодарлық тоғызқұмалақ ойыншылары республикадағы ең мықты деген ойыншылардың қатарынан түсіп көрмеді.

тоғызқұмалақ
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Қазіргі күні шахмат пен дойбыдан мемлекеттік бас жаттықтырушы Дастан Қапаевтың есімі Ертіс-Баян өңіріндегі тоғызқұмалақ тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Ол көптеген жылдар бойы облыстағы тоғызқұмалаққа жетекшілік етіп, жүздеген спортшыны жаттықтырды.

Арыстан мен Дастан — Исатай Қапаевтың ұлдары. 

Соңғы жаңалықтар
telegram