Ауылдық елді мекендер үшін жеке тұрғын үй бағдарламасы әзірлене ме
АСТАНА. KAZINFORM – Биылдан бастап сатып алынатын пәтерлердің орналасқан жерін жергілікті атқарушы органдар өздері анықтайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
- Ауылдық аумақтарды кешенді дамыту мақсатында ауылдық елді мекендердің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған «Ауыл - ел бесігі» арнайы бағдарламасы іске асырылып жатыр. Инфрақұрылымдық шаралармен қатар елде бюджет қаражаты есебінен 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында кезекте тұрған азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй салу және сатып алу тетігі көзделген,- деді Премьер-министр.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда құрылыс салушылардан дайын тұрғын үй сатып алу тетігі өңірлерде белсенді қолданылады. Себебі бұл тетік жалға берілетін тұрғын үйді аудандар бойынша тең бөлуге және халықтың әлеуметтік осал топтары арасында тұрғын үйге деген сұранысты тиімді жабуға мүмкіндік береді.
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған бағыт аясында 14,5 мың пәтер, оның ішінде ауылдық елді мекендерде 6,5 мың пәтер сатып алынды. Алайда, 2026 жылдан бастап жалпы сипаттағы трансферттер аясында шығыстар жергілікті бюджеттерге берілетін болады. Республика бойынша 2026 жылы 72 млрд теңге (3,5 мың пәтер), 2027 жылы 86,2 млрд теңге (3,8 мың пәтер), 2028 жылы 87,7 млрд теңге (3,6 мың пәтер) бөлінген. Осылайша сатып алынатын пәтерлердің орналасқан жерін жергілікті атқарушы органдар өздері анықтайтын болады, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта ауыл тұрғындарын қолдау «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатынын айтады. Оның аясында жылжымайтын мүліктің қайталама нарығында тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі бар.
- 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Наурыз» бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері 435,7 млрд теңге сомасына 16 370 өтінім, оның ішінде ауылдық елді мекендерде 41,4 млрд теңге сомасына 1 653 өтінім келісілді. Осылайша, «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асырумен қатар елде қолданыстағы тетіктер жұмыс істейді. Бұл ретте ауылдық елді мекендер үшін қосымша жеке тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу қолданыстағыларын қайталау деп санаймыз,- деді ол.
Бұған дейін Олжас Бектенов депутаттардың жас отбасыларға жеке баспана бағдарламасы әзірлеу ұсынысына жауап берген еді.