Ауылымызды тасқын су баспаса екен — Атырауға көшірілген тұрғындар

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында су тасқынына байланысты тұрғындарды орналастыратын 94 эвакуация пункті дайындалды. Эвакуация пунктерінде 10 250 орын бар.

су тасқыны
Фото: ТЖМ

Мұнайлы шаһардағы эвакуация пунктінің бірі АРЕК жоғары колледжінде ашылған.

Қазір мұнда Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылының 217 тұрғыны тұрып жатыр. 

Бейбарыс ауылдық округіне қарайтын елді мекеннен алдын ала эвакуацияланған тұрғындардың дені — әйелдер мен балалар. Арасында мүмкіндігі шектеулі 9, кәмелетке толмаған 138 бала, 8 жүкті әйел бар. 

Талдыкөл ауылында 1985 жылдан бері тұрған Дәмелі Төлекенова эвакауациялық пунктке келінімен, 3 немересімен келіпті.

Оларға екі бөлмесі бар бір секция берілген. Бір қызы да 4 баласымен осында тұрып жатыр. 

«Күйеуім мен ұлым ауылда қалды. Олар күнбе-күн ауылдың азаматтарымен бірге кезекшілікке тұрады. Үш немерем 1, 4 және 6-сыныпта оқиды. Келінім Жаңылсын ауылдағы мектепте математикадан дәріс беретін еді. Қазір сабақ онлайн форматта өтеді. Бұл пунктегі асханада үш мезгіл тамағымызды уақытында береді. Дәрігерлер қан қысымын өлшеп, денсаулығымызды қадағалап отыр. Бірақ немерелер „ауылды сағындық, қашан барамыз?“ деп жүр», -дейді Дәмелі Төлекенова. 

Талдыкөлдік тағы бір тұрғын Венера Жүсіпова бес баласымен бір секцияда тұрады. Балаларының бірі — студент, үшеуі мектепте оқиды. Ең кішкентайы 1 жастан асқан.

Ал, үлкен ұлы Нұрдәулет Абай облысындағы Аягөз гарнизонында әскери міндетін өтеп жүр. Күзде әскерден оралады. 

«Су тасқынының салдары қандай болатынын бала кезімнен білемін. Өзім Талдыкөл ауылында туып-өстім. Әлі де сол ауылдың тұрғынымын. Менің де күйеуім ауылда қалып, бөгетте кезекшілікті атқарып жүр. Әкем мен шешем де ауылда қалды. Олар біраз жыл бұрын „Саташев Б.“ және „Саташева А.“ шаруа қожалықтарын құрған еді. Әр шаруа қожалығында 27 гектардан жері бар. Жыл сайын 54 гектар алқапқа көкөніс және бақша дақылдарын егіп, өнімін ауданның, Атырау қаласының жәрмеңкелеріне ұсынып жүр. Биыл да егін екті. Бірақ жақында 54 гектар алқап толығымен тасқын судың астында қалды», -дейді Венера Жүсіпова. 

Ал, зейнеткер Сәулеш Ғайсина отбасымен 2008 жылы Талдыкөл ауылынан жер телімін алып, үй салған екен. Сол үйіне Атырау қаласынан көшіп барыпты. 

«Талдыкөлде ұлым мен келінім қалды. Ұлым бөгетті бекітуге, кезекшілікті атқаруға шығып жүр. Ал келінім ауылда қалған әйелдермен бірге бөгеттің бұзылмауын қарауылдап жүрген азаматтарға тамақ пісіреді. Менің қасымда екі немерем бар. Бәріміз де ауылда қалғымыз келді. Алайда кішкентай немерелердің қауіпсіздігі үшін келдік», -деді Сәулеш Ғайсина.

Оның айтуынша, эвакуация пунктінде барлық жағдай жасалған. «Аман-Саулық» емханасынан арнайы медицина қызметкерлері бөлінген. Олар тұрғындардың денсаулығын күнде тексереді. 

пункт
Фото: Атырау облысы жедел штабы

«Мұнда жағдайымыз жақсы, қауіпсіздігімізді полиция қызметкерлері қадағалайды. Төсегіміз — таза, тамағымыз — дәмді. Біздің бір ғана тілегіміз бар. Бәріміз де ауылымыздың тасқын судан аман қалып, азаматтардың, әскери қызметкерлердің күні-түні мігір таппай, кірпік ілмей атқарып жүрген еңбегі зая кетпесе екен дейміз. Күн сайын ауылдағы бала-келініммен хабарласып, ауылда қалған тұрғындардың амандығын тілеп отырамын», -дейді Сәулеш Ғайсина. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Талдыкөл ауылының тұрғыны балаларының қауіпсіздігі қымбат екенін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар