Ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM - Бахрейн астанасы – Манама қаласында ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионы атанды.

Нұрғиса Әділетұлы
Фото: ҰОК telegram арнасы

Әлем чемпионатында Нұрғиса 96 келі салмақта сынға түсті. Қоссайыстың қорытындысымен ол 388 (174+214) келіні бағындырды. Нәтижесінде жеңіс тұғырына көтерілді.

Екінші орындағы Реваз Давитадзе (Грузия) - 387 (177+210) келіні еншісіне жазды. Ал үздік үштікті 387 (173+214) келі салмақпен ирандық Али Алипур түйіндеді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Алексей Чуркин (81 келі) күміс жүлдегер атанған еді.

Жарыста ерлер құрамасында Ақмолда Сайрамкез (67 келі), Александр Уваров (81 келі), Алексей Чуркин (81 келі), Денис Уланов (89 келі), Денис Полубояринов (89 келі), Кириил Староверкин (96 келі, Нұрғиса Әділетұлы (96 келі, Артем Антропов (102 келі), Андас Самарқанов (109 келі) пен Мейрам Сұлтан (109 келі) барды.

Ал әйелдер құрамасында Карина Горичева (64 келі), Арай Нұрлыбекова (71 келі), Аянат Жұмағали (76 келі), Айша Омарова (76 келі) және Любовь Ковальчук (+87 келі) жүлделерді сарапқа салады.

Соңғы жаңалықтар