Ауыр соққы болды: Руслан Берденовке оқ атқан күдіктінің әкесі мәлімдеме жасады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан күдікті Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пралиев ресми мәлімдеме жасады.

- Құрметті қазақстандықтар, Шымкент қаласының тұрғындары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Біздің отбасымыздың атынан 21 сәуір күні орын алған қайғылы оқиғаға байланысты сіздерге үндеу жолдауды жөн көрдім.
Ата-ана үшін бұл жағдай — нағыз ауыр соққы болды. Бүгінге дейін ұлымыз Ернардың осындай қиын жағдайдың ортасында қалғанына сене алмай отырмыз.
Осы оқиғаға байланысты шын жүректен өкінішімізді білдіреміз. Қандай жағдай болмасын, бірінші кезекте Руслан Берденовтің тезірек сауығып кетуін тілейміз.
Біз тергеу мен соттың барлық жағдайды әділ, жан-жақты қарастыратынына сенім артамыз. Баршаңызды сабырға шақырып, нақты шешім шықпай тұрып, асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз.
Ең бастысы – бұл жағдайға еш қатысы жоқ келінімізді араластырмауды өтінеміз. Ол Руслан Берденовті бұрын-соңды көрмеген де, танымайды да, - делінген мәлімдемеде.
Ол осы қиын күндері қолдау білдіріп жатқан жандарға шексіз алғыс білдіреді.
- Алда бізді ауыр кезең күтіп тұр, дегенмен әділдік пен адамгершілік жеңеді деп үміттенеміз, - деген Жиембай Пралиев.
Бұған дейін Руслан Берденовтің қызметтік міндетін уақытша кім атқаратынын хабарладық.
Айта кетейік, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалған болатын. Күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Ал, дәрігерлер Руслан Берденовтің өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтты. Жасалған ота да сәтті өтті.
Ал, Сәрсен Құранбек Шымкент әкімі орынбасарына жасалған шабуылға қатысты мәліметтерді тергеу нақтылайтынын айтты.