Ауыр жүк көліктері мен жол сапасы мәселесі цифрландыру арқылы шешілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол сапасын жақсарту үшін жүкті шамадан тыс артық тиеп алып жүретін ауыр көліктерге қатысты қандай шара қолданылатынын айтты.

— Қазақстан аумағында 220 автоматтандырылған өлшеу жүйесі қойылып жатыр. Бірақ осыны шақырым бойынша есептесек, 800 шақырымға бір өлшеу жүйесінен келеді, яғни жетіспейді. Екіншіден, бұл мәселені толыққанды шешу мүмкін болмай тұр. Қанша айтқанымен, автожолдарда ауыр жүк көліктері жүр. Қазіргі жаңа цифрландыру кезеңінде оларды «Сергек» жүйесі сияқты көретін боламыз. Цифрландыру аясында толық жүзеге асса, онда бақылау мәселесін шешуге болады, — деді Н. Сауранбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, былтыр маусым айында бұрынғы Көлік министрі Марат Қарабаев карьерде жүруге арналған HOWO және SHACMAN көліктеріне еліміздің жолдарында жүк тасымалдауға тыйым салынатынын айтты.
Сонымен қатар, ҚР Көлік министрлігі карьерлік ауыр жүк көліктерінің жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдармен жүруіне тыйым салуға қатысты түсінік берді.
«Автомобиль көлігі туралы» Заңда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыр жүк көліктерінің рұқсат етілген жалпы салмағы белгіленген нормадан асып кетсе, жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдарда жүктерді тасымалдауға тыйым салу ескерілген.