Ауыр жүк тиеген көліктер еліміздің жолдары мен бюджетін қалай құртып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде көліктік бақылау саласы цифрландырылуына қарамастан лық тиелген ауыр жүк көліктері республиканың жол инфрақұрылымына айтарлықтай зиянын тигізіп жатыр. Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Көлік министрлігі де салмақ параметрін бұзу деректерінің жоғары екендігін жасырмайды.

Цифрлық бақылау
Қазақстан тас жолдарының әр шақырымы қатер астында. Бұл - асыра сілтеу емес. Себебі, рұқсат етілген шектен асып жүк артқан ауыр жүк көліктері шектеулерге қарамастан ел аумағында еркін жүреді. Бұл - тек жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы ғана емес, сонымен қатар жол инфрақұрылымына және мемлекеттің бюджетіне тиген тікелей соққы да.
– Жолдардың бұзылуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – рұқсат етілген салмақтан асып кеткен ауыр жүк көліктерінің қозғалысы, – деп мойындайды Көлік министрлігі.
Осыған байланысты артық жүк тиеген жүк көліктерінің жүргізушілері цифрлық бақылау жүйелерінің назарына жиі ілігеді. Көлік министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қозғалыс кезінде салмақты өлшейтін 56 автоматтандырылған өлшем жүйесі орнатылған. Бұл - инспектордың қатысуынсыз көліктің салмағын қашықтан тіркейтін «электронды көз» десек те болады.
Цифрландыру нәтижесін беріп те жатыр. Соңғы жылдары тіркелген заң бұзушылықтар (жүк салмағын асыру фактісі бойынша) көбейді:
- 2020 жылы – 3 029
- 2021 жылы – 2 966
- 2022 жылы – 2 734
- 2023 жыл – 3 639
- 2024 жыл – 3 373
- 2025 жылдың алғашқы 5 айында – 1 830.
Егер дәл осы динамика сақталса, онда 2025 жылдың соңына дейін 4 мыңнан астам заңбұзушылық анықталуы мүмкін. Ал бұл соңғы жылдардағы өзіндік антирекорд болмақ. Алайда, бұл антирекордтың тек пайдасы бар десек, артық айтқандық емес. Өйткені, тәртіп болса, онда жолдарымыз да бүтін болмақ.

Артық жүк – жол мен бюджетке төнген қауіп
Егер артық жүктеме жүйелі мәселе болса, оның салдары да жүйелі сипатқа ие болары түсінікті. Жолдардың өзі мұндай қысымға арналмаған. Асфальт-бетон жабындысы нақты осьтік жүктемеге есептеліп жобаланады, ал тіпті сәл ғана артық салмақтың өзі ауыр зардаптарға әкеледі.
– Егер оське түсетін жүктеме 1,5-2 есеге артса, онда жол жабынына түсетін салмақ сызықтық емес, геометриялық прогрессиямен артады. Америкалық және еуропалық зерттеулерге қарағанда, бұл жолдың тозуын 8-16 есе жылдамдатады, – деп атап өтті министрліктен.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жоспардан тыс жөндеуге жыл сайын тек 300 шақырым жол үшін 20-30 миллиард теңге бюджет қаражаты жұмсалады. Ал I санаттағы автожолдың әр шақырымын қалпына келтіру құны - жұмыс көлеміне байланысты 150-300 миллион теңге аралығында. Бұл - жаңа жолдар, мектептер мен ауруханаларға жұмсалуы мүмкін қаржының өзгелердің жауапсыздығы салдарынан шұңқырларға көмілген ақшамен тең.
Бірақ бұл - тек ақшаға тірелетін мәселе емес. Жолдардың мерзімінен бұрын тозуы апатты учаскелердің көбеюіне, жүктің уақытында жеткізілмеуіне, бизнес пен мемлекет үшін қосымша шығындарға әкеледі.
– Жобаға сәйкес, жолдар жүктеме сақталған жағдайда 10-15 жыл қызмет етуі тиіс. Бірақ жүйелі артық жүктеме кезінде олар 3-5 жылда жарамсыз күйге түседі, - деп атап өтеді Көлік министрлігі.

Негізгі заң бұзушылар – жүкті өзі аударатын көліктер
Ауыр салмақты жүк тасымалдайтын көліктер еліміздің жолдарын бүлдіріп жатыр. Салмақ өлшеу құралдарының болуына қарамастан еліміздің тас жолдары қиыршық тас, құм тиеген көліктердің құрбанына айналып отыр.
Көлікті бақылау бекеттерінің жетіспейтіндігін ескерсек, жағдайдың аса мүшкіл екендігін байқау қиын емес сияқты.
- Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль көлігі саласындағы бақылау небәрі 54 көліктік бақылау бекеті арқылы жүзеге асырылады. Әрбір көліктік бақылау бекетіне 7 800 шақырымнан астам жол тиесілі, – деп атап өтеді Көлік министрлігінен.
Цифрландыру және оның шамасы
Жағдайды өзгерту жолында министрлік технологияларға сенім артады. 2022 жылдың желтоқсанында Қазақстанда қозғалыс кезінде автоматты салмақ өлшеу жүйесін енгізетін жаңа заң күшіне енді. Енді жолдар екіге бөлінеді: жергілікті жолдарда мұндай кешендерді орнатумен әкімдіктер, ал республикалық трассаларда «ҚазАвтоЖол» АҚ айналысады. Мақсат — адами факторды жою және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту. Өйткені, инспектордың «таразысы» мен «көзбен бақылауы» болмаған жағдайда алаяқтыққа жол жоқ.
– Заңға сәйкес, жүк көтергіштігі 12 тоннадан асатын көліктер міндетті түрде автоматты салмақ өлшеу жүйесі арқылы өтуі керек. Салмақ қозғалыс кезінде өлшенеді, – деп атап өтті Көлік министрлігі.
Теориялық тұрғыдан алғанда бұл - тас жолдардағы цифрлық революция. Ал іс жүзінде — жүйе енді ғана іске қосылып жатыр және толық қамтуға әлі көп уақыт керек. Бірақ байқағанымыздай, анықталған заң бұзушылықтардың статистикасы өсіп келеді. Демек, жүйе жұмыс істеп тұр.
– Осы шаралар арқылы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау мәселелерін шешу және көлік бақылауы кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту көзделіп отыр, – деді ведомстводан.
Ендігі басты міндет – осы тәжірибені кеңейтіп, түсімдер мөлшерімен байланысты тағы бір аса маңызды мәселені шешу.
– Салмақ шегінен асатын көліктер республикалық бюджетке төлемдер төлейді. Алайда, төлемдер мен жолға келтірілген залалды салыстыруға да келмейді, – дейді министрліктен.
Айта кетсек, Kazinform тілшісі жол жөндегенде алынған белгілер неге орнына қайта қойылмайтынын анықтап көрген болатын.