Ауырсынуды басудан психологиялық қолдауға дейін: Ақтөбедегі паллиативті бөлімше қалай жұмыс істейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбедегі паллиативті бөлімшеде жыл сайын жүздеген науқас медициналық көмек алады. Мұнда ауырсынуды басуға, ауру белгілерін жеңілдетуге және науқастар мен олардың жақындарына психологиялық қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Бөлімшенің негізгі мақсаты — адамның өмір сапасын жақсартып, қажетті ем мен күтімді қамтамасыз ету.

Ақтөбедегі паллиативті бөлімше қалай жұмыс істейді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Кереует саны екі есе артты

Қатерлі ісікке шалдыққан адамдардың күтімін жасайтын паллиативті бөлімше 2013 жылы ашылды. Ол кезде бар болғаны 20 кереует болды. Арада 10 жылдан астам уақыт өткенде кереует саны екі есеге артты.

Арнайы емнен нәтиже болмағанда немесе дерт асқынып, бойға таралғанда науқастың жағдайы мультидисциплинарлық топтың отырысында қаралады. Симптоматикалық ем қажет деген шешім қабылданғаннан кейін пациент төртінші клиникалық топқа ауыстырылып, паллиативті бөлімшеге жолдама беріледі. Мұнда асқынған ауру белгілерін жеңілдетуге бағытталған көмек көрсетіледі.

Дәрігер Күләш Сағындықованың айтуынша, кейінгі жылдары қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың саны артқан. Қан аурулары да жиі анықтала бастаған. Соның ішінде жастар арасында асқазан және сүт безі обыры кездеседі.

Ақтөбедегі паллиативті бөлімше қалай жұмыс істейді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Асқазан обыры 30–35 жастағы ер адамдардан да анықталып жатыр. Ал 30 жастан асқан әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісігі кездеседі. Дәрігерлер қолдан келген көмегін көрсетеді, ал науқас үмітпен ем қабылдайды. Талдау нәтижелерінен оң өзгеріс байқалса, соның өзін жұбаныш көріп, көңілі көтеріледі. Психологтер де қолдау көрсетеді. Жылы сөз — жанға медеу. Қиын сәтте науқастың қасынан табылып, демеу болуға тырысамыз, — деді Күләш Сағындықова.

Паллиативті бөлімше меңгерушісі Роза Тельжанқызының мәліметінше, 2025 жылы мұнда 830 науқас ем қабылдаған. Ал 2024 жылы 760 пациентке медициналық көмек көрсетілген.

Қиын сәттегі қолдау

Ақтөбедегі медицина университетінің медициналық орталығында екі онкопсихолог жұмыс істейді. Олардың бірі паллиативті бөлімшедегі, екіншісі оңалту бөліміндегі науқастарға қолдау көрсетеді.

Ақтөбедегі паллиативті бөлімше қалай жұмыс істейді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Онкопсихолог Гауhар Үмбетованың айтуынша, паллиативті бөлімшеде жұмыс істеудің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда пациенттің көңіл күйімен қатар, оның қорқынышы, уайымы және жақындарымен арадағы қарым-қатынасы да назарға алынады.

— Біздің міндетіміз — қиын шақта жанынан табылу, қорқынышы мен жан күйзелісін жеңілдетіп, демеу болу. Қоштасу сәтінде де қолдау көрсетеміз. Бөлімшеде өздігінен жүріп-тұра алатын да, төсек тартып жатқан да науқастар бар. Егер пациенттің жанында жақыны болса, оны да тыңдап, қолдау көрсетеміз. Дәрігерлер медициналық көмек көрсетсе, біз психологиялық тұрғыдан демеу боламыз, — деді маман.

Екі онкопсихологке шағын кабинет бөлінген. Мамандар күн сайын бөлімшелерге барып, науқастармен және олардың туған-туыстарымен сөйлеседі. Сонымен қатар медициналық орталықтың басқа бөлімшелерінен түскен шақыртуларға да жауап береді.

— Қатты ауырсынған кезде адамның өзін-өзі ұстауы қиын. Кейбір пациенттер күйзеліске түсіп, «менің жағдайымды сіз бастан өткеріп жатқан жоқсыз» деп қарсылық білдіреді. Мұндай сәттерде олардың сезімін түсінуге, қиындықты бірге еңсеруге тырысамыз. Ауыз қуысында немесе тыныс алу жолдарында қатерлі ісік анықталып, сөйлеу мүмкіндігі шектелсе, науқасқа қалам мен қағаз ұсынамыз. Ең бастысы — адамның уайымын елеусіз қалдырмай, дер кезінде қолдау көрсету, — деді Гауhар Үмбетова.

«Науқастар көбіне өзін кінәлайды»

Ауыр диагнозды қабылдау науқасқа да, оның жақындарына да қиын. Онкопсихологтің айтуынша, кейбір пациенттер ауруының себебін іздеп, өткен өміріндегі әрекеттері үшін өзін кінәлайды.

— Кеше ғана қалыпты өмір сүріп жүрген адамға аяқ астынан ауыр диагноз қойылады. Мұны қабылдау оңай емес. Әуелі пациентпен әңгімелесіп, оның жан күйзелісін түсінуге және тыныштандыруға тырысамыз. Сол кезде ол өз жағдайын қабылдап, қиындықты еңсерудің жолын үйрене бастайды, — деді маман.

Ақтөбедегі паллиативті бөлімше қалай жұмыс істейді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Психологиялық қолдау әңгімелесумен ғана шектелмейді. Кабинетте мотивациялық, психологиялық және көркем әдеби кітаптар бар. Науқастар кітап оқып, арнайы ойындар мен жаттығуға қатысады.

— Әңгіме барысында айтылған мәліметтердің бәрі құпия сақталады. Бұл пациенттер үшін өте маңызды. Олар өмір жолын, қуанышы мен қиындығын, тіпті кезінде жіберген қателіктерін де еске алады. Осындай сәттерде адамды мұқият тыңдап, оған өз ойын ашық айтуға мүмкіндік беру қажет, — деді Гауhар Үмбетова.

Ақтөбедегі паллиативті бөлімше қалай жұмыс істейді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Психологке де қолдау қажет

Күн сайын жағдайы ауыр науқастармен және олардың жақындарымен жұмыс істеу психологтерге де эмоциялық салмақ түсіреді. Мұндайда екі маман бір-бірін тыңдап, демеу көрсетеді. Ең болмағанда бес минут уақытын бөледі. Сонымен қатар психологтер дәрігерлер мен кіші медициналық қызметкерлерге арналған семинарлар өткізеді. Өйткені паллиативті көмек кезінде медициналық еммен қатар науқастың эмоциялық жағдайын, қалауы мен қажеттілігін ескеру маңызды.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде эпилепсияға шалдыққан балаларды емдеу жолы қайта қаралатынын жазған едік.